ҚазҰУ-да гуманитарлық көмек жинау жалғасуда
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде су басқан өңірлерге гуманитарлық көмек жинау жалғасып жатыр.
Бүгінде оқу ордасының ұжымы қарғын судан жапа шеккендерге көмек ретінде 3 миллионнан астам қаражат жинады. Сонымен қатар университет базасында ашылған гуманитарлық пунктте жалпы сомасы 4 млн болатын қажетті заттар жиналды. Аталған жұмыстар әлі де жалғасуда.
Жәрдем қабылдау пункті Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен ашылған болатын.
Оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастары табиғи апаттан зардап шеккен отандастарымызға көмек көрсету жұмыстарына белсенді қатысып жатыр.
Бүгінге дейін жәрдем қабылдау орнында жаңа киім-кешектер, азық-түлік, жеке гигиена құралдары, карематтар, көрпелер, бұзылмайтын тағамдар, ауызсу, төсек-орын жабдықтары, резеңке етіктер және т.б. қажетті заттар қабылданды.
Гуманитарлық көмек алдағы уақытта арнайы жүк көліктерімен су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға жеткізілетін болады.
Айта кетейік, гуманитарлық көмек көрсетуге ниетті еріктілер үшін пункт таңертеңгі сағат 09:00-ден кешкі 17:00-ге дейін жұмыс істейді. Қабылдау орталығы ҚазҰУ қалашығындағы Технопарк ғимараты жанында орналасқан.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі