Соңы мерейтойға ұласқан дөңгелек үстел

2024 жылдың 18 сәуір күні Шығыстану факультетінде Қытайтану кафедрасының ұйымдастыруымен «Қазақстан-Қытай қатынастарының өзекті мәселелері: екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың дамуы және сын-қатерлер» атты республикалық ғылыми-практикалық дөңгелек үстел өтті. Жиынға еліміздің түрлі оқу орындарынан қытай-қазақ қарым-қатынасын зерттеп жүрген ғалымдар мен зерттеушілер қатысты. Бүгінгі күні шығыстану ғылымының ішінде ең бір басымдық беретін бағыттардың бірі болып отырған Қытайтану ғылымы, оның ішінде қазақ-қытай қарым-қатынастары ең өзекті мәселелердің бірі болып отырғаны даусыз. Жиналған ғалымдар осы бағыттағы түрлі мәселелерді ортаға салып, жан-жақты талқылады. Осы жиын барысында жиналаған ғалымдар жақында ғана мерейлі 70 жасқа толған Нәбижан Мұқаметханұлын туған күнімен құттықтады. Елімізде ғана емес, алыс-жақын шетелге де танымал тарихшы-қытайтанушы ғалым ағамызды арнайы құттықтауға келген адамдардың қарасы да біршама болды. Жақында ғана профессор Нәбижан Мұқаметханұлы Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі деген атаққа ие болған еді. Бұл оқиға да тойды тойға ұластырды.
Қытайда туылып, сонда оқып, ғалым болып қалыптасып, таныла бастаған Нәбижан Мұқаметханұлы еліміз егемендік алған алғашқы жылдары қызмет, мансап, қолайлы тұрмыс-тіршілігіне қарамастан, бәрін тастап тарихи отанына оралған ғалым. Қазақстанға келген соң осы жердің талабы бойынша кандидаттық, одан кейін докторлық жұмысын сәтті қорғап, өте үлкен мектептен өтті. Бүкіл жан-тәнімен отанына қызмет етіп, бар күш-жігерін отандық тарихқа арнады. Отандық қытайтану ғылымын қалыптастыру үшін құлшына еңбек етті. Жоғарғы оқу орындарында сабақ беріп, шәкірт дайындады. Ғалым ағамыздың бастамасымен университеіміздің жанынан құрылған «Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығы» он жылдан бері жемісті еңбек етіп келеді.
50 жылға жуық ғылыммен шұғылданып келе жатқан Нәбижан Мұқаметханұлы 440-тан астам еңбектер жариялады. Оның 15 ғылыми монографиялар мен оқу құралдары. Ол кісінің жетекшілігімен ғылыми дәрежесін қорғаған 4 ғылым кандидаты мен 5 PhD доктор білім мен ғылым саласында танымал мамандарға айналды.
Арнайы құттықтауға келген адамдар Мұқаметханұлын кемел ойлы ғылыми тұлға деп білетіндерін, ол кісінің бойындағы терең білім, үлкен парасат, берік ғылыми ұстаным жас ұрпаққа үлкен өнеге екенін атап өтті. Осылайша көтерген салмағы ауыр кішігірім жиынның соңы үлкен тойға ұласты.
Басқа жаңалықтар


