Қытай классикалық поэзия кеші» атты іс-шараның аясында оқытушылар марапатталды
2024 жылдың 19 сәуір күні Алматы қаласындағы Қытай консулдығы қытай тілі мен мәдениетін оқытып жүрген оқытушылар мен Қытайды зерттеп жүрген ғалымдардың еңбегін елеп-ескеріп марапатқа ұсынды. Бұл оқиға Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетінде өткен «Қытай классикалық поэзия кеші» атты іс-шараның аясында орын алды. Бұл іс-шараны Халықаралық қытай тілі күніне орай Алматы қаласындағы Қытай консулдығы мен Абай атындағы Қазақ педагогикалық университеті бірлесіп ұйымдастырған. Кеште Алматы қаласының оқу орындарында қытай тілін оқып-үйреніп жатқан студенттер мен оқушылар қытай поэзиясының жауһарларынан үзінді оқыды. Қытай тілі мен қытай поэзиясының көркемдігін барынша әдемі жеткізуге тырысқан өлең оқушылардың ықыласы залда отырған көрермендердің де көңілін баурап, әдемі көңіл-күй сыйлады. Осындай мәнді де мағыналы мәдени іс-шараның аясында «Қытай тілі мен мәдениетіне қосқан үлесі үшін» марапатын тапсыру салтанаты да орын алды. Шығыстану факультеті қытайтану кафедрасынан Ф. Оразақынқызы, Е.Ә. Керімбаев, Д.Б. Дәуен «Қытай тілі мен мәдениетінің дамуына қосқан үлесі үшін» марапатына ұсынылса, профессорлар Н.Ә. Алдабек пен Н.Мұқаметханұлы «Қытай тілі мен мәдениетіне сіңірген ерен еңбегі үшін» марапатына ұсынылды.