Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы Ресейдің Омбы қаласында ашылады. Бұл туралы Ресей Федерациясы ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары Константин Могилевский қазақстандық әріптестерімен кездесу барысында мәлімдеді.
Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кіші комиссиясының өткен төртінші отырысында «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ресей Федерациясындағы филиалын ашу жөніндегі Жол картасын әзірлеу» үшін бірлескен жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданғанын атап өткен жөн.
«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ» КеАҚ кіші комиссиясының хаттамалық шешімін іске асыру үшін Жол картасының жобасы әзірленді.
Омбы қаласында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филиалының ашылуына байланысты екі жоғары оқу орнының білім беру бағдарламаларын салыстырмалы талдау негізінде болашақ филиал үшін оқу бағдарламаларының тізімі ұсынылды.
ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, Ресей Федерациясында жетекші қазақстандық ЖОО филиалының ашылуы еуразиялық интеграция шеңберінде екі елдің ғылыми білім беру әлеуетін және ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететін болады. Сонымен қатар министр ғылыми-жаратылыстану және техникалық бейіндегі кадрларды даярлау үшін материалдық-техникалық база, сондай-ақ профессор-оқытушылар құрамының кадрлық әлеуеті маңызды болып табылатынын атап өтті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филиалының білім беру бағдарламалары бойынша студенттерді қабылдау үшін мемлекеттік білім гранттарын бөлу мәселесін шешу қажет.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі