ҚазҰУ-да Зейнолла Сәнік атындағы баспагерлік-редакторлық орталық ашылды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде «Қазақстандағы баспа ісі және Зейнолла Сәніктің баспагерлік-редакторлық қыры» тақырыбында республикалық конференция өтті.
Конференция аясында журналистика факультетінде көрнекті жазушы, баспагер-редактор, этнограф, аудармашы Зейнолла Сәнік атындағы баспагерлік-редакторлық орталығы ашылды.
ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Жәмила Айтжанова бұл орталық студенттердің теориялық дәріс тыңдап қана қоймай, тәжірибе жүзінде газет-журнал, кітапша шығаруға мүмкіндік беретінін айтты.
Конференцияда жазушының шығармашылық мұрасы мен баспа ісіне қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
Жиынға ТҮРКСОЙ жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Қазақстан жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов, ҚР Кітап палатасының директоры, «ҚР баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар» қауымдастығының президенті Әділ Қойтанов, «Атамұра» корпорациясы» ЖШС президенті Рақымғали Құл-Мұхамед сынды белгілі қаламгерлер мен баспагерлер, ғалымдар қатысты.
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкерлері Зейнолла Сәніктің шығармашылығын талдаған баяндамалар жасады.
Конференцияға қатысушы қаламгерлер Зейнолла Сәніктің қазақ әдебиеті мен баспа ісіне сіңірген еңбегін ерекше атап өтті.
«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің қабырғасында жазушы, этнограф, аудармашы Зейнолла Сәнік атындағы аудиторияның ашылуы біз үшін зор құрмет және үлкен жауапкершілік. Өйткені осы аудитория ішінен жастардың сапалы білім алуына, тәжірибелерін шыңдауға үлес қосатын Баспагерлік-редакторлық орталық ашып отырмыз. Мұнда баспагер, дизайнер маман боламын деген студенттер үшін жаңа техникалар қойылды. Яғни түрлі түсті баспаханалық принтер, дәріс өткізуге арналған экран мен дөңгелек үстел және заманауи үлгідегі безендірілген жиһаздар орнатылды. Студенттер өздері беттеп дайындаған газет-журнал, шағын кітапшаларды шығаруына болады», – деді Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының атқарушы директоры Серік Қалиев.
Жаңа ашылған орталыққа «Атамұра» корпорациясы» ЖШС президенті Рақымғали Құл-Мұхамед 100 кітапты сыйға тартты.
Республикалық конференция аясында студенттер мен магистранттар арасында Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасы ұйымдастырған байқау негізінде «Үздік баспасөз жарияланымы», «Үздік ғылыми жұмыс», «Дизайн өнерінің үздік туындысы» аталымдары бойынша үздік студенттер марапатталды. Байқау жеңімпаздарына Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының атынан бір реттік қаржылай шәкіртақы берілді.
Сонымен қатар «Баспа ісінің өзекті мәселелері» және «Зейнолла Сәніктің шығармашылық мұрасы және редакторлық шеберлігі» тақырыптарында секциялық отырыстар өтті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі