ҚазҰУ жіберген 20 тонна гуманитарлық көмек Оралға жетті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жіберген 20 тонна гуманитарлық көмек Орал қаласына жетті.
Университеттің Басқарма мүшесі – Әлеуметтік даму жөніндегі проректордың міндетін атқарушы Сәбит Суатай заттай көмекті қабылдау орталығына арнайы тапсырды.
Жергілікті еріктілердің күшімен жаңа киім-кешектер, азық-түлік, жеке гигиена құралдары, карематтар, бұзылмайтын тағамдар, ауызсу, төсек-орын жабдықтары, резеңке етіктер мен қолғаптар эвакуациялық пунктте орналасқан тұрғындарға бөлініп берілді.
Бұдан бөлек, көшбасшы университет 5 млн теңге қаржы жинап, оны су тасқынынан үйлері зардап шеккен 50 студентке 100 мың теңгеден жәрдемақы ретінде тағайындалды.
Естеріңізге сала кетейік, 9 сәуір күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен оқу ордасының базасында арнайы қайырымдылық пункті ашылған болатын.
Университет қызметкерлері, оқытушылары мен студенттерінің көмегімен жәрдем қабылдау орталығында 20 тонна гуманитарлық көмек пен 5 млн қаржы жиналған еді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі