ҚазҰУ-да өтетін QS пре-саммитінің дайындығы пысықталды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Ресей, Шығыс Еуропа, Орталық Азия бойынша QS рейтингтік агенттігінің аймақтық директоры Сергей Христолюбов және іс-шараларды ұйымдастыру жөніндегі менеджер Шон Перейрамен кездесу өткізді.
Тараптар алдағы уақытта ҚазҰУ базасында өтетін QS пре-саммитінің жұмыс жоспарымен танысып, дайындық жұмыстарын пысықтады. Сонымен қатар серіктестікті арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды талқылады.
Жүздесуде оқу ордасының басшысы халықаралық конференциялар мен симпозиумдар өткізуде ҚазҰУ-дың мол тәжірибесі бар екенін атап өтті. Сондықтан пре-саммитті жоғары деңгейде өткізуде университет тарапынан барлық қажетті шаралар қабылданатынын жеткізді.
Айта кету керек, жыл соңында ҚазҰУ-да Азия-Тынық мұхиты аймағындағы жоғары білім беру мәселелері бойынша QS саммитін өткізу жоспарлануда. Оның жұмысына әлемнің 50-ге жуық елінен жоғары білім саласындағы 800 сарапшы қатысады деп күтілуде.
Өз кезегінде Сергей Христолюбов пен Шон Перейра ілтипат білдіргені үшін және әріптестік байланыс үшін білім ордасының ректорына ризашылығын білдірді.
ҚазҰУ-ға жұмыс сапары барысында QS өкілдері университетте Тұрақты даму мақсаттарының бағыттары бойынша атқарылған жұмыс нәтижелерімен танысты.
Сондай-ақ QS пре-саммиті өтетін қалашықтағы ғимараттар және нысандармен танысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі