ҚазҰУ мен Баку мемлекеттік университеті бірге мамандар даярлайды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Әзірбайжанға жұмыс сапары аясында Баку мемлекеттік университетінің ректоры Элчин Бабаевпен кездесті. Тараптар қосдипломдық білім беру бағдарламасын енгізу және академиялық ұтқырлық бойынша ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Элчин Сафаралиоглы Жансейіт Түймебаевты қарсы ала отырып, жоғары оқу орнына келгені үшін ризашылығын білдірді. Өз сөзінде оқу ордасының ректоры Баку мемлекеттік университеті туралы ақпарат беріп, қызметімен таныстырды.
«Баку мемлекеттік университеті – Әзірбайжандағы жетекші ЖОО-лардың бірі. Білім ордасы 1919 жылы ашылып, өз жұмысын бастаған. Қазіргі таңда университетте 22 мыңнан астам студент білім алуда. Оның 1000-ға жуығы шетелден келген студенттер. Біздің оқу ордамызда техникалық, ғылыми, экономикалық және гуманитарлық бағытындағы білім беру бағдарламалары жүзеге асырылуда. ҚазҰУ-мен аталған бағыттар бойынша қарым-қатынасты күшейтуге барлық мүмкіндігіміз бар», – деді Элчин Бабаев.
Әңгіме барысында Жансейіт Түймебаев құрметті ректорға ҚазҰУ-дың жетістіктері, жоспарлар мен даму бағыттары туралы ақпарат берді. Сонымен қатар ЖОО басшысы екі университет арасындағы серіктестік ғылыми бағытты дамытуға және оқытушылар мен студенттер арасында тәжірибе алмасуға ықпал ететінін атап өтті.
Жүздесуде тараптар магистратура бойынша қосдипломдық білім беру бағдарламасын жүзеге асыруға уағдаласты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі