ҚазҰУ ғалымдары Сингапурда тағылымдамадан өтеді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Сингапур ұлттық университетінің президенті Тан Энг Чимен кездесті.
Жүздесуде тараптар жоғары білім мен ғылым саласындағы қарым-қатынасты нығайту жолдарын қарастырып, студенттер алмасу және тағы да басқа мәселелер бойынша пікір алмасты.
ЖОО басшылары ҚазҰУ мен Сингапур ұлттық университеті арасындағы байланыстарды кеңейту үшін күш-жігер біріктіруге уағдаласты.
ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев университеттік ғылымды дамытуда және ғылыми жобаларды өндіріске шығаруда екі ЖОО-ны бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Өз сөзінде Жансейіт Қансейітұлы Тан Энг Чи мырзаға Қазақстандағы көшбасшы жоғары оқу орны туралы ақпарат беріп, ҚазҰУ-дың ғылыми инфрақұрылымымен таныстырды.
Кездесу барысында Тан Энг Чи Сингапур ұлттық университеті ҚазҰУ-мен тығыз қарым-қатынас орнатуға мүдделі екенін жеткізді. Тан Энг Чи сөзінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында білім алушылар мен оқытушылар алмасу жұмыстарын жүзеге асыру және ҚазҰУ-дың жас ғалымдарын Сингапур ұлттық университетіне үш, алты және он екі айға тағылымдамадан өткізуге арнайы жіберуді ұсынды. Сонымен қатар СҰУ президенті ынтымақтастықтың ең тиімді әдісі ғалымдар арасындағы ынтымақтастық екенін айрықша атап өтті.
Кездесу соңында тараптар серіктестікке бағытталған барлық бастамалар мен жобаларды жүйелі түрде жүзеге асыруға келісті.
Сингапур ұлттық университеті Сингапурдағы ең алғашқы университет болып табылады. Бүгінде оқу ордасында 50 мыңнан астам студент білім алады. Онда 15 мыңнан астам қызметкер еңбек етеді. ЖОО-да 16 факультет табысты жұмыс істейді. Университет 40 елдің 1600-ден астам жоғары оқу орнымен байланыс орнатқан.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі