«Үздік студент – 2024» және «Үздік студенттік топ – 2024» жобасы

22 мамыр, 2024

«Үздік студент – 2024» және «Үздік студенттік топ – 2024» жобасының қорытынды марапаттау кеші өтті

Университетімізде «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының ұйымдасытыруымен жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Үздік студент – 2024» және «Үздік студенттік топ – 2024» жобасының қорытынды марапаттау кеші өтті.
«ЕҢ ҮЗДІК СТУДЕНТ» жобасы – студенттердің жоғары академиялық жетістіктерін, көшбасшылық қасиеттерін және университет қауымдастығына қосқан үлесін атап өтетін жоғары деңгейдегі іс-шара. Ал,  «ЕҢ ҮЗДІК СТУДЕНТТІК ТОП» жобасы – «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының ынтымақты дәріптеп, студент-жастардың дамуына мүмкіндік беретін көшбасшыларды тәрбиелеп, ел дамуының даңғыл жолын айқындауға үлес қосатын теңдессіз жобаларының бірі.
«Үздік студент – 2024» жобасы аясында 16 факультеттен жалпы саны 17 студент факультетаралық кезеңге өткен болатын. Жобаның 1-туры бойынша «Менің мамандығым – менің болашағым» тақырыбында видеотаныстыру болып, қатысушы 17 студенттен 2-турға 9 студент жолдама алды. 2-турда қатысушыларымыз «Brain ring» сұрақ-жауап айдары бойынша өз білімдерімен бәйгеге түсті. 3-турда жобаға қатысушы студенттер «Мен ҚазҰУ-ға не бере аламын?» тақырыбында өз жобасын ұсынды. Жарыстың ең тартысты кезеңі – финалдық кезең болды. Бұл кезеңде – студенттер өз жобаларын өте жоғары деңгейде қорғап шықты. Соның нәтижесінде, «Ең үздік студент – 2024» байқауының жеңімпаздары төмендегідей болды:
1.    І орын – Филология  факультетінің студенті, Кадирова Асем Баширқызы;
2.    ІІ орын – Экономика және бизнес жоғары мектебінің студенті, Базарбекова Жанерке Шыңғысқызы;
3.    ІІІ орын – Биология және биотехнология факультетінің студенті, Дагистанова Маржан Абдилабекқызы;
«Үздік студенттік топ – 2024» жобасы аясында факультетаралық кезеңге барлығы 12 студенттік топ жолдама алған болатын. І кезең – «Видео сайыс» ретінде өтіп, соның нәтижесінде 6 студенттік топ келесі кезеңге өтті. ІІ кезең -– «Тимбилдинг» бойынша ерекше форматта студенттік топтар өзара бақ сынасты. ІІІ кезеңде қатысушы топтар «Quiz and StartUP» бойынша берілген тапсырмада ҚазҰУ-ды көркейтуге арналған стартап жобаларын ұсынып, куиз кезінде эрудициялық қырымен танылды. Соның нәтижесінде, «Ең үздік студенттік топ – 2024» байқауының жеңімпаздары төмендегідей болды:
1.    І орын – Журналистика  факультетінің «Журналистика – 103» тобы;
2.    ІІ орын – Экономика және бизнес жоғары мектебінің «Менеджмент К-1» тобы;
3.    ІІІ орын – Ақпараттық технологиялар факультетінің «Деректер туралы ғылым – 0321» тобы;
Бұдан өзге, жобаға қатысып, белсенділік танытқан студенттер мен студенттік топтар алғыс хаттармен марапатталды.
Барша жеңімпаздарды жеңістерімен құттықтаймыз!