«Микроспутниктік тәжірибе – 2024» жазғы мектебі
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетінде өтіп жатқан «Микроспутниктік тәжірибе – 2024» жазғы мектебіне қатысуда. Жазғы мектеп маусым айының 16-сында басталып, 27 маусымға дейін жалғасады. Жазғы мектеп бағдарламасы кәсіби дәрістерді, қытай тілі мен мәдениеті курстарын қамтиды. Сондай-ақ оған қатысушылар СБПУ кампусына, озық кәсіпорындарға және мәдени көрікті жерлерге экскурсияға барады.
Жазғы мектепке қатысуға физика-техникалық және ақпараттық технологиялар факультеттерінің техникалық және инженерлік мамандықтары бойынша оқуда үздік нәтиже көрсеткен, факультет және университет деңгейіндегі іс-шараларға белсенді араласып жүрген, сондай-ақ ғылыми жобаларға қатысатын 20 студент іріктеліп алынды. Қатысушылардың жетекшісі болып физика-техникалық факультетінің Қатты дене физикасы және бейсызық физика кафедрасының аға оқытушысы, PhD Дәурен Жексебай бекітілді.
Аталған іс-шара ҚазҰУ базасында ашылған СБПУ филиалына магистранттар тарту мақсатында жүргізіліп жатқан кәсіптік бағдар беру жұмыстары. Сондай-ақ таяуда ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев пен СБПУ вице-президенті Яо Сяокуй қол қойған қос университет арасындағы микроспутниктік ғылыми-зерттеулер мен мамандар даярлау бойынша меморандумға сәйкес ұйымдастырылды. Жазғы лагерь қатысушыларға Қытайдың алдыңғы қатарлы техникалық университетінің академиялық ортасы, Қытай елінің мәдениетімен танысуға, микроспутниктерді жобалау, жасау және ұшыру саласындағы жетекші мамандардың дәрістерін тыңдауға, сондай-ақ жалпы микроспутниктер әлеміне бойлаудың бірегей мүмкіндігін береді.
Нұрзада Бейсен,
физика-техникалық факультетінің деканы