ҚазҰУ мен Сиань Цзяотун университеті студент алмасады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен ҚХР Сиань Цзяотун университеті өзара студент алмасу бойынша келісімге қол қойды.
Екіжақты келісімге қол қою рәсімі Астанада өтіп жатқан Шанхай ынтымақтастық ұйымы университеттерінің халықаралық симпозиумы аясында өтті. Басты мақсат – қос елдің құқықтық білім беру деңгейін жетілдіру, заң саласында білікті мамандарды бірлесе даярлау және құқықтық білім бағытын дамыту. Бұл өз кезегінде қос білім ордасының студент, магистрант және докторанттарының еркін тәжірибе алмасуы мен қос елдің құқықтық жүйесін меңгеруге жол ашады.
Бүгінгі таңда ҚазҰУ Қытайдың 57 жоғары оқу орнымен ынтымақтастық орнатқан. Өткен жылы білім ордасында Солтүстік-батыс политехникалық университетінің (ҚХР) филиалы ашылды. Биыл 27 наурызда ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультетінде Шыңжаң экология және география институтымен бірлесіп қашықтықтан зондтау технологиялары және оларды қолдану бойынша ортақ зертхана (Sino-Kazakhstan Joint Laboratory for Remote Sensing Technology and Application) ашылды. Сондай-ақ бүгінде ҚазҰУ-да 558 қытайлық студент білім алуда, оқу ордасының базасында Қытайтану кафедрасы табысты жұмыс істейді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі