ҚазҰУ ғалымдары Финляндияда тағылымдамадан өтуде

16 тамыз, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары Финляндия метеорологиялық институтында (FMI, Финляндия) тағылымдамадан өтуде.

Ғылыми тағылымдама «Жасыл даму контекстінде Батыс Қазақстан өңірінің табиғи-шаруашылық және әлеуметтік-экономикалық жүйелерін орнықты дамыту: кешенді талдау, тұжырымдама, болжамды бағалау және сценарийлер» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Жоба Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарын іске асыруға бағытталған («экологиялық тұрақтылық пен ауа сапасын арттыру» тармағы). 

        Фин метеорологиялық институтының әріптестерімен бірге ҚазҰУ ғалымдары көміртегі бейтараптығы, сондай-ақ атмосфераға ластаушы заттардың шығарындылары мен олардың бақылау механизмдерін талқылады. 

         Қос тараптың ғалымдары өздерінің ғылыми зерттеулері туралы ақпарат алмасып, тәжірибе бөлісті. ФМИ-дегі әріптестер ғылыми инфрақұрылымды және оған кіретін ауа сапасын талдау зертханасын, ауа-райын болжау бюросын, баламалы энергия көздері жүйесін көрсетті.  Олар Финляндияның бүкіл ауа райы қызметінің жұмысын қамтамасыз ету үшін пайдаланылады.

         Тағылымдаманың алдағы күндерінде фондық станцияларды құра отырып, атмосфералық ауа сапасының мониторингі жүйесінің мәселелері қаралады. Ғалымдар сонымен қатар атмосфералық ауаның сапасын талдау және болжау модельдерін, әлемдегі климаттың өзгеруінің салдарын, модельдеу нәтижелерін тексеруді және бірлескен ғылыми зерттеулер мен жобалардың басқа бағыттарын зерттейтін болады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі