ҚазҰУ ғалымдары «KazLLM» тіл моделін әзірлеуге қатысады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Қуанышбек Есекеев келді.
Жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысының кеңесшісі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевпен кездесіп, жоғары оқу орнының қызметімен танысты.
Әңгімелесу барысында тараптар жасанды интеллектіні дамыту және «KazLLM» тіл моделін әзірлеу мәселелерін талқылады.
Университет басшысы Қуанышбек Бақытбекұлына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жоғары оқу орнында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Айта кетсек, ҚазҰУ ғалымдары Nazarbayev University, Ақпараттық және есептеу технологиялары институты, Satbayev University, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ҰҒПО, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының мамандарымен бірлесіп «KazLLM» атты қазақ тілін жасанды интеллект арқылы дамытудың моделін әзірлейді.
Қазіргі таңда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі «KazLLM» үлкен тілдік моделінің жобасын әзірлеу үшін деректер массивін жинап жатыр. Деректерді жинау нәтижесінде қазақ тілін өңдеудің жоғары сапалы моделі жасалады. Болашақта бұл автоматты аударманы жақсартуға ғана емес, жалпы, қазақ тіліндегі мәтіндерді өңдеудің сапасы мен дәлдігін арттыруға көмектеседі.
Кездесуде Президент кеңесшісі Қуанышбек Есекеев пен ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаев осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстарды пысықтап, өзара пікір алмасты.
Өз сөзінде Қуанышбек Есекеев «KazLLM» тілдік моделін құрастыру және дамыту тікелей Президенттің бақылауында екенін айтып, ғалымдардың жұмысына табыс тіледі.
Жүздесуден соң Президент кеңесшісі ҚазҰУ базасындағы ғылыми зертханаларды аралап, университеттің ғылыми әлеуетімен танысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі