EEASO-2024 конференциясы ҚазҰУ-да
Ғылым-ұйымдасқан білім, даналық — ұйымдасқан өмір.
Имманиуил Кант
16-18 қыркүйек аралығында негізгі ғылыми мәселелерді талқылау үшін ғылым мен даналықты қатар ұштастырған Қазақ Ұлттық Университеті қабырғасында «Evolution Equations, Approximation and Spectral Optimization» конференциясын өткізілді. Бұл, Математика және Математикалық Модельдеу Институты мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен бірлесіп ұйымдастырылған, тек ғылыми жетістіктерді көрсетіп қана қоймай, сонымен бірге БҰҰ айқындаған Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) бірқатарын жүзеге асыруға үлес қосатын халықаралық іс-шара.
Конференцияның ашылуында ұйымдастыру комитетінің төрағасы, механика-математика факультетінің деканы, т.ғ.к. Досжан Нұрсұлтан Сағынайұлы жаһандық мәселелер тұрғысында ғылыми жетістіктердің маңыздылығына тоқталып, шетелдік ғалымдармен халықаралық ынтымақтастықты нығайту жөніндегі ұсыныстарды қолдайтынын жеткізді. Бұл бастамалар ТДМ 17: Тұрақты даму үшін серіктестікке тікелей қатысты, өйткені елдер арасында ғылыми байланыстар орнату бірлескен зерттеулер арқылы ортақ міндеттерді шешуге көмектеседі.
Конференция тақырыптары инновациялық технологиялар мен инфрақұрылымды дамытуда маңызды рөл атқаратын эволюциялық теңдеулер мен спектрлік оңтайландыру әдістері сияқты заманауи математикалық зерттеулердің маңызды аспектілерін қамтыды. Осы бағыттағы талқылаулар ТДМ 9: Индустрия, инновациялар және инфрақұрылымды қолдайды, өйткені математикалық әдістер мен модельдер салалық және ғылыми зерттеулерге арналған технологиялық шешімдерді әзірлеуде кеңінен қолданылады.
Сонымен қатар, мұндай іс-шаралар білім сапасын арттыруға ықпал етеді, бұл ТДМ 4: Сапалы біліммен тікелей байланысты. Әр елдің ғалымдары өз білімдерімен бөлісіп, тәжірибе алмасты, бұл ғылыми прогреске ғана емес, болашақ мамандардың дайындық деңгейін арттыруға да септігін тигізді.
Конференцияға қазақстандық ғалымдармен бірге Грузия, Германия, Украина, Өзбекстан, Чехия, Әзірбайжан, Испания, Франция және Нидерландыдан өкілдер қатысты. Осындай халықаралық байланыстарды орнату және әлемдік деңгейде тәжірибе алмасу ғылым мен қоғамның тұрақты дамуы үшін халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын көрсетеді.
Қосымша деректерді төмендегі сілтеме арқылы қарай аласыз:
https://sites.google.com/view/eeaso-2024/home
Досмағұлова Қарлығаш Алматқызы,
Математика кафедрасының меңгерушісінің ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары