«Қазақстандықтар Америка құрама штаттарының жетекші ғылыми орталықтарында» атты тақырыпта профессор Н.Темиргалиевпен (Астана, ЕҰУ) кездесу.

12 қыркүйек, 2024

2024 жылғы 12 қыркүйек күні сағат 15.00 механика-математика факультетінің Қызыл залында студенттер мен магистранттардың, Ph.D докторанттар мен оқытушы-профессорлар құрамының әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 90-жылдығына арналған «Қазақстандықтар Америка құрама штаттарының жетекші ғылыми орталықтарында» атты тақырыпта әйгілі ғалым, профессор Н.Темиргалиевпен (Астана, ЕҰУ) кездесу өтті.

Нұрлан Темірғалиев, ф.-м.ғ.д., профессор, Халықаралық жоғарғы мектеп академиясының академигі, ҚР білім беру ісінің үздігі, факультеттің  түлегі (1969), КСРО ҒА В.А.Стеклов атындағы Математика институтының аспирантурасын бітірген, сонда кандидаттық (1973) және докторлық (1991) диссертациялар қорғаған.

1974 жылдан – ҚазҰУ-дың математикалық талдау кафедрасының аға оқытушысы, доценті, профессоры, ал 1992 жылдан бастап – функционалдық талдау және ықтымалдықтар теориясы кафедрасының меңгерушісі болған. 1997 жылдан 2009 жылға дейін – Л.Н.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінің математикалық талдау кафедрасының меңгерушісі (бүгінде сол университеттің Теориялық математика және ғылыми есептеулер  институтының директоры).

Профессор Н.Темірғалиев  «Жыл адамы-2003» болып та саналады, «ЖОО үздік оқытушысы-2010» грантының иегері. Халықаралық Сократ атындағы комитеттің (Оксфорд, Ұлыбритания) шешімімен үздік ғылыми зерттеулері үшін «The Name in Science» арнайы сыйлығын алған. Ғалымның аты Әлемдік XXI ғасырдың көрнекті ғалымдары реестріне еніп, оған «Ғылымға сіңген еңбегі үшін» белгісі тапсырылған.

Профессор Н.Темірғалиев жетекшілік ететін қазақстандықтар командасы 2024 жылдың желтоқсан айының 1-14 күндері математика, компьютерлік ғылымдар және AI-ML бағыттарының 24 тақырыбы  бойынша АҚШ-қа сапар шегіп, Стэнфорд (Силикон алқабы), Техас (Стейшн-Колледж) және Колумбия (Нью-Йорк) университеттерімен халықаралық ынтымақтастық ғылыми байланыстар орнатпақ.

Жаңа білім беру стандарттарына сай және жаратылыстану пәндері бойынша үлкен сұранысқа ие жаңа буын оқулықтар өнімді жазып жүрген ғалым Н.Темиргалиепен жүздесуге қатысушылар оның орта мектепте және жоғары оқу орындарында  математиканы оқытуды жетілдіру туралы ойларын қызыға тыңдап үлкен қолдау көрсетіп, шығармашылық еңбекте жаңа табыстар тіледі.

Атқарылған шара 4 және 17 Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) контекстіне сай келеді. Мысалы, профессор Н.Темірғалиев, өз тәжірибесімен бөлісе отырып, назарды білім беру үрдісіне инновациялық мүмкіндіктерді енгізу қажеттілігіне аударды. Бұл студенттер мен оқытушылардың өз білімін арттырып қана қоймай, глобалдық әлемде табысты мансапқа қажетті дағдыларды да дамытуға мүмкіндік береді. Қазақстандық команданың АҚШ-қа сапары әлемдік ғылыми орталықтармен байланыстардың кеңейуінің маңызды қадамына айналып, білім мен тәжірибе алмасу платформасын қалайды. Ұжымдық талпыныстар мен әріптестік ғылым мен білім беру саласындағы маңызды жетістіктерге алып келуі мүмкін екенін түсінген жүздесуге қатысушылар бұл бастамаларға кірісуге дайын екендерін білдірді.

Болат Әбенов

Механика-математика факультетінің аға кураторы