ТДМ-4: Студенттер театрда «Тойы көп үй» қойылымын тамашалады
Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында 2 қазан күні Баққожа Мұқайдың «Тойы көп үй» пьесасы көрермендер назарына жол тартты. Бұл қойылымды тамашалауға университетіміздің журналистика факультетінің студенттері барды.
Көрерменді күлдіре отырып жылатқан қойылымда бүгінгі қоғамның айна қатесіз көшірмесі көрініс береді. Анығын айтқанда, тағдыры қарама-қайшы кейіпкерлердің басы бір туындыда тоғысқан. Тоғысқан тағдырлардан тұратын қойылымда мейіріммен қатар, жемқорлық пен сатқындық та қалыс қалмаған. Ол құсадан күйінген кейіпкердің «Заңды бұзатындар – заңды білетіндер» деген ащы зарынан аңғарылады.
Қойылым адамзатты қандай жағдай болса да жақсылық жасаудан жалтармауға шақырады. Айтары бар, тұшымды ой түюге шақыратын «Тойы көп үй» қойылымын тамашалаған студенттер қойылымнан ерекше әсерде шығып, алған әсерлерін, түйген ойларын өзара бөлісіп, талқыласқан күйде тарасты.