Республика күні – ұлттық мереке

23 қазан, 2024

  23-қазан 2024 жылы «География және табиғатты пайдалану» факультетінің студенттеріне арналған 25-қазан Республика күніне орай «Тәуелсіздік декларациясының тарихы» тақырыбында көшбасшылық дәрісі өткізілді. Мақсаты: Туған елге деген сүйіспеншілік, патриоттық сезімді қалыптастыру, өз елінің ұлтжанды азаматы болуға тәрбиелеу. Дәріс «География және табиғатты пайдалану» факультетінің декан орынбасары Шәкен Айман Шәкенқызы және Факультеттің аға кураторы Әлімбай Алмас Медетжанұлының ұйымдастыруымен өткізілді. «Тәуесіздік декларациясының тарихы» тақырыбындағы бұл дәрісті «Заң» факультетінің мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының профессоры, заң ғылымдарының докторы Ибраева Алуа Саламатовна өткізді. Дәріс аясында ол факультет студенттеріне ел тәуелсіздігінің орнығуы мен қалыптасуына бастау берген тарихи құжат жайлы қызықты әрі пайдалы ақпараттармен бөлісті. Аталған құжат 1990 жылы 25 қазанда қабылданып, ел егемендігінің негізіне айналды. Сондықтан аталған күн 2022 жылдан бастап күнтізбеде «Ұлттық мереке» ретінде белгіленді. Мемлекеттік егемендік туралы Декларация негізінде Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері бекітілді. Сонымен қатар, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының профессоры еліміздегі бұл мерекенің маңыздылығын, қабылданған Декларацияның алғаш рет ел аумағының тұтастығы, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін дамыту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу сияқты мемлекеттік қағидаттардың бекітілгені туралы ашып айтты. Одан бөлек, дәріс барысында еліміздің егемендігі туралы тарихи мәліметтер айтылды. Факультет аясында өткізілген бұл іс-шарада студенттер еліміздің тәуелсіздігі туралы қызықты, пайдалы ақпараттар біліп,  тақырыпқа қатысты туындаған сұрақтарына жауап алды. 25-қазан Республика күніне орай өткізілген бұл іс-шараның тәрбиелік маңызы өте зор. Сондай-ақ мерекенің мән-маңызын айшықтау бағытында алдағы уақыттарда осындай іс-шаралар өткізілетін болады.