ТДМ 4 «Cапалы білім беру» аясындағы «BOOKCLUB Farabi»
2024 жылдың 23 қазанында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің №4 жатақханасында экология, география, кадастр, мейрамхана ісі, жерге орналастыру мамандықтарының студенттерінің қатысуымен Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» кітабының талқылануы өтті. Студенттерге алдын ала осы шығарманы оқу туралы тапсырма берілген болатын. Іс-шараны география және табиғатты пайдалану факультетінің Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының аға оқытушылары А.К. Таныбаева мен А.Б. Керимкулова ұйымдастырды. Шара барысында студенттермен Ә.Нұршайықов өмірі мен шығармашылығы жас ұрпақ үшін таптырмас құнды дүниеге тола екендігін талқыладық.
«Махаббат қызық мол жылдар» кітабын студенттермен талқылай отырып, жазушының бізге Ербол мен Меңтай - жақсы жігіт, білімді қыз екенін көрсетіп қана қою емес, солар арқылы халқымыздың бойындағы кейінгі ұрпаққа, үлгі боларлық дәстүр, қасиеттерін насихаттағысы келгенін түсіндік.
Жалпы кітап оқудың адамға берері көп. Сайып келгенде, әр кітап бір-бір тәжірибелі оқытушы, ақыл қалтасы тәріздес. Өзгелердің қанша жылғы білген-түйген дүниесін, ізденісін біз сол адамның жазған кітабын оқу арқылы-ақ үйрене аламыз. Демек, кітап оқу өмірде қателеспеу үшін басқалардың тәжірибесімен танысу дегенді де білдіреді. Осы тұрғыда кітап – адамға таптырмайтын пайдалы дос. Ақылына ақы сұрамайтын, дұрыс жолды көрсететін жанашыр, әрі жалықтырмайтын серік десек те болады.
Сондықтан жастарға айтарымыз, кітап оқыңыздар! Хакім Абай айтқандай, «артық білім – кітапта»!