Тамғалы Тас шатқалында «Republic KazTur» іздестіру-құтқару жұмыстары бойынша жарыстар өткізілді

28 қазан, 2024

25-26 қазан күндері «Республика күніне» орай Алматы облысы, Іле өзенінің бойындағы Тамғалы Тас шатқалында «Republic KazTur» іздестіру-құтқару жұмыстары бойынша жедел құтқару мекемелері және туристік клубтар арасында сайыс өткізілді. Бұл іс-шара Алматы қаласы Туризм басқармасының қолдауымен және Алматы облысының спорттық туризм федерациясы, Turclub.kz еріктілерінің көмегімен ұйымдастырылды.

Бұл іс-шараға География және табиғатты пайдалану факультеті, Рекреациялық география және туризм кафедрасының оқытушылары Бейсахмет А.А., Есенов М.Н., Моминов С.А., Әділбай Б.С. бастауымен кафедраның «Zhastour» клубының студенттерінен құралған «КазНУ» командасы белсене қатысты. Студенттер жарыстың бірінші күні әртүрлі кезеңдерден тұратын 19 шақырымды түнгі 21:00-06:15 аралығында еңсеріп, ал екінші күні Іле өзеніндегі «судағы» кезеңінде іздестіру-құтқару жұмыстары бойынша өздерінің спорттық туризмдегі дағдыларын паш етті. Команда мүшелері – Рейхерт Е., Қажығали М., Болатбек А., Төлеген А.

Іздеу-құтқару жұмыстары - аралас қашықтықтағы спорттық туризм бойынша экстремалды командалық жарыстардың бір түрі. Бұл алдын ала болжауға болмайтын, күтпеген жағдайларда салқын қандылықты талап ететін кезеңдерден тұратын сайыс түрі. Спортшылардың алдында төтенше жағдайларда әрекет ету, табиғи ортада өмір сүру, сондай-ақ құтқару жұмыстары бойынша ұжымдық дағдыларды қажет ететін міндеттер тұрды.