Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде белгілі әдебиет және фольклор зерттеушісі, түркітанушы ғалым, ақын, филология ғылымдарының кандидаты Қосанов Серікбай Қылышбайұлының 60 жылдық мерейтойына арналған «Әдебиет пен фольклорды зерттеудің тарихи міндеттері мен заманауи аспектілері» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция өтті.
Жиын аясында Серікбай Қосановтың 2024 жылы «Дарын» баспасынан жарық көрген «Шайырлық поэзия және көркемдік дәстүр», «Алғашқы ағартушылық және Абай мұрасы» атты монографиялары және «Алты қыр» өлеңдер жинағының тұсаукесер рәсімі жасалып, оқырмандарға жол тартты. Конференция барысында ғалымның әдеби-ғылыми шығармашылығына қатысты бейнебаян көрсетілді.
Ұстаз-ғалымның ғылымдағы ғұмыры, түркітануға, абайтануға қосқан үлесі, ақындық шеберханасы жөнінде отандық ғалымдардың баяндамалары оффлайн және онлайн форматта да тыңдалып, әдебиет пен фольклорды зерттеудің заманауи аспектілері жан-жақты қамтылды.
«Тәзкире-и-Боғра ханды» тәржімалаудағы тұғырлы еңбегін, деректі жинау мен ғылыми айналымға енгізудегі ерен ісін Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Жанғара Дәдебаев та жоғары бағалады.
Конференцияда Серікбай Қосановтың ұстаздық ұлағаты туралы да айтылды, шәкірттері ақын-ұстаздың өлеңдерін жатқа оқыды.
Шохан Шортанбай,
қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы
кафедрасының аға оқытушысы,