«Кампустағы кампус» жыл сайынғы жиыны аяқталды

31 қазан, 2024

Алғаш рет Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өткен «Кампустағы кампус» жыл сайынғы жиын отырысы қатысушылардың ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастықты дамытуға қатысты ұсыныстары мен бастамаларын талқылаумен жалғасты.

Форумның екінші күні интернационалдандыру жөніндегі жұмыс тобы төрағасының орынбасары Филипс Неленің «Кампустағы кампус» (CiC) жобасына қатысушылардың алдағы уақыттағы жұмысы туралы өзінің пікірін ортаға салды. Спикер инновациялар мен ғылыми-зерттеу жұмыстарына, студенттерді пәнаралық оқытуға және жергілікті мәдениет пен өнеркәсіппен танысуға ынталандыруға ерекше назар аударды.

Әрі қарай студенттер мен қызметкерлерге ұйымдық және ұлттық кедергілерді еңсере отырып, жаһандық білім беру мен ғылыми зерттеулерге қатысуға мүмкіндік беретін «Кампустағы кампус» бастамасына (CiC) қатысушылардың тақырыптық презентациялары талқыланды.

Осылайша қатысушылар CiC желісіне қатысушылардың зерттеу ынтымақтастығын күшейту, виртуалды және бетпе-бет оқыту арасындағы теңгерім, ТДМ саласындағы жобаларды іске асыру, ғылыми зерттеулерде, білім беруде және өнеркәсіпте синергияға ықпал ететін ресурстар мен тәжірибе алмасу үшін әріптестік қатынастар мәселелерін талқылады.

CiC-тің келесі кезеңі екіжақты ынтымақтастықтан көпжақты қарым-қатынасқа көшуге бағытталған, бұл серіктестердің қатысуын кеңейтуге және жаһандық білім беру тәжірибесін іске асыруға мүмкіндік береді.

Отырыс барысында тақырыптарды талқылау негізінде ғылыми зерттеулер мен білім беру жобаларын іске асыру саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға және бірлескен бағдарламаларды дамытуға бағытталған «Кампустағы кампус» бағдарламасына қатысушылардың одан әрі іс-қимыл жоспары қабылданды.

Маңызды басқосу барысында Цукуба университетінің президенті Кёсуке Нагата мырзаға «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың құрметті профессоры» атағы салтанатты түрде табысталды.

Отырыс жұмысын қорытындылаған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев «Кампустағы кампус» халықаралық жобасының жаңа мазмұнын ашқан форум қатысушыларына алғысын білдірді.

Жиыннан кейін қатысушылар үшін кампус-тур ұйымдастырылып, олар «Қашықтықтан зондтау және қолдану технологиясы» зертханасын және «Farabi Hub» инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығын аралады.

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі