Студенттер Түркия тәжірибесін зерттеуде
Алматыда Talent for Biz бос орындар жәрмеңкесі аясында Түркия кәсіпкерлері қазақстандық жоғары оқу орындарының студенттерімен кездесу өткізді.
Іс-шараға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Экономика және бизнес жоғары мектебінің, география және табиғатты пайдалану, шығыстану және халықаралық қатынастар факультеттерінің 4-курс студенттері қатысты.
Еріктілер ретінде Кәсіби даму және мансап кеңсесінің қызметкерлері, оның ішінде басшы Әсем Аязбаева және шығыстану факультетінің магистранттары белсенділік танытты. Кездесу барысында ҚазҰУ студенттері компаниялар мен кәсіпорындарда тәжірибе мен тағылымдамадан өту мүмкіндіктері туралы сұрақтар қойды.
Ашылу салтанатынан кейін студенттер түрік компаниялары мен ұйымдарының стендтеріне барып, мансаптық мүмкіндіктерімен танысты. Көптеген түрік компанияларының Қазақстанда әлі филиалдары болмағандықтан, жәрмеңке әлеуетті жұмысқа орналасу нұсқаларын талқылауға және Түркиядан келген жұмыс берушілер туралы көбірек білуге мүмкіндік берді. Компания өкілдерімен сұхбат түрік және ағылшын тілдерінде жүргізілді.
Кәсіби даму және мансап кеңсесінің басшысы Әсем Аязбаева Ziraat Bankası және Tav Airports компаниясының өкілдерімен байланыс орнатып, оларды 2024 жылғы 22 қарашада Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өтетін бос орындар жәрмеңкесіне шақырды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі