ТДМ-4. ШЕБЕРЛІК САҒАТЫНАН СЫР ШЕРТУ

31 қазан, 2024

Осы аптаның бейсенбісінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Журналистика факультетінің Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасында «Алматыкітап» баспасы өкілдері «Мектеп оқулықтарын дайындаудың ерекшеліктері» атты тағылымға толы шеберлік сағатын өткізді. Дәріс шымылдығын Журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбай ашып, келесі сөз тізгінін қара шаңырағымызға келген құрметті қонақтарға берді.

Сөз тізгінін жалғаған «Алматыкітап» баспасының баспа ісі жөніндегі вице-президенті Әсима Рысқұлбекова «Білімнің бас құралы – кітап» дей келе баспаның құрылу тарихынан бастап, кітаптың қалай басып шығарылатыны жайлы, арнайы топтама мен сериялық басылымдар жөнінде де айтып өтті. Қазіргі таңда жастардың электронды кітапқа басымдық беріп отырғаны бұрыннан белгілі. Бұл мәселені қарастырып қойған «Алматыкітап» баспасының «TopIQ.kz»  электронды оқулықтар кітапханасы бар. Шамамен 2 миллионға жуық оқырман дәл осы платформаны қолданады екен.

Дәрісте көркем әдебиеттегі редактордың рөлі мен қызметі, міндеті туралы да құнды мәліметтер айтылды. Бұл тұрғыдан аталмыш баспаның көркем әдебиет бөлімінің басшысы, бас редакторы Бұлан Жамбыл редактордың бес қаруы сай болуы керектігін, соның ішінде қазақ тілінің грамматикасын жете білу, сөзді тану, компьютер тілін беске білу дағдыларын айрықша атап өтеді. Бүгінде баспа ісінде кездесіп отырған аударма мәселелері жайлы да айтылды. Бас редактордың сөзінше, көркем әдебиетті былай қойғанда ғылыми стильдегі мәтіндерді дұрыс аударып беретін аудармашылар саусақпен санарлықтай. «Аударма ісін жетік меңгерген мамандарға біз зәруміз» деп мәселенің шет жағасымен бөліскен болатын.

Шеберлік сағатында студенттер өздерін емін-еркін ұстап, сұрақтар қойып белсенді араласып отырды. Шарада бой көрсетіп, ұтымды сұрақ қойған шәкірттерге бренд кітаптарын сыйға берді. Айта кетейік, аталмыш бренд кітаптар бірнеше күн бұрын Франкфурт қаласында өткен жәрмеңкеде қалың оқырманға таныстырылған болатын.

Дәріс соңында қарым қабілеті жоғары студенттерді «Алматыкітап» баспасында тәжірибеден өтуге шақырды. Сонымен қатар алдағы уақытта баспаның 25 жылдығы тойлануына орай конкурс ұйымдастырмақшы екен. Жарысқа оқытушылар мен студенттер де қатыса алады. Жүлделі орын иегерлеріне берер арнайы сыйлары бар екендігін де айтып өтті.