«Түркі дүниесі жастары» бірінші форумының ашылу салтанатындағы сөзі

22 november, 2024

Құрметті түркі дүниесі жастары форумына қатысушылар!

Құрметті қонақтар, студент жастар!

Бауырлас Қазақ еліне, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне қош келдіңіздер!

Оқу орнымызда тұңғыш рет түркі әлемінің жастары бас қосуда.

Бұл форум елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

Ауқымды іс-шараны университет ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымымен бірлесіп өткізуде.

Бүгінгі күні түркі халықтарының ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтеріліп келеді.

Әсіресе гуманитарлық байланыстар, білім, ғылым, мәдениет саласындағы ықпалдастық ерекше дамуда.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде сөйлеген сөзінде:

«Тұтас түркі жұртын тарихи тамырластық пен ортақ мүдде біріктіреді.

 Біз бір-бірімізге әрдайым тілектеспіз, сыйластығымыз да ерекше.

Түркі өркениетін жаңғырту үшін адам ресурстарын тиімді пайдалану керек.

Дарынды жастардың әлеуетін ашуға мүмкіндік жасау қажет.

Ғылым-білім саласындағы ынтымақтастық аясын кеңейткен жөн», – деп атап өткен болатын.

Форумның мақсаты мен міндеттері таяуда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіндегі басты қағидалармен астасып жатыр.

Осы саммитте Мемлекет басшысы: «Түркі мемлекеттері ұйымы аз уақыт ішінде мәртебелі ұйымға айналды. Оның әлемдегі рөлі күшейді. Бұл бірлігіміз бен ортақ күшіміздің жетістігі», – деп атап өтті.

Бүгінгі форумға әлемнің 25 елінен 200-ге жуық жастар шақырылды.

Олардың ішінде Түркия, Венгрия, АҚШ, Германия, Швейцария, Нидерланды, Австрия, Солтүстік Македония, Косово, Румыния, Қырғызстан, Өзбекстан, Болгария, Әзірбайжан, Түрікменстан және басқа да мемлекеттер бар.

Жас қонақтарымыз екі күннен бері ҚазҰУ қалашығына орналасып, бір-бірімен жақын танысып үлгерді деп ойлаймын.

Қонақтарымыз Алматы қаласының көрікті жерлеріне саяхат жасап, «Jastar party» салтанатты кеште бас қосты.

Әр елден келген жастар түрлі пікірталастарға қатысып, білікті мамандармен кездесіп, тәжірибе алмасуда.

Бүгін ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде «ТҮРКСОЙ media lab» дәрісханасын ашатын боламыз.

Форумды өткізудегі мақсатымыз – түркітілдес халықтар арасындағы бауырластық, достық қарым-қатынасты арттыру.

 Рухани, ғылыми байланыстар аясын кеңейту, ортақ мақсатқа жұмылып, бірлескен жобаларды іске асыру.

Биыл Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрылғанына – 90 жыл.

Түркі дүниесі жастарының алғашқы форумы осы мерейлі жыл аясында ұйымдастырылып отыр.

Оқу ордасында 27 мың студент білім алады.

Олардың қатарында әлемнің 54 елінен келген 4 мыңнан астам шетелдік студент бар.

Жастарға сапалы білім беруде университет ауқымды жұмыстарды іске асырып келеді.

ҚазҰУ QS WUR халықаралық рейтингінде әлемнің Топ-200 жоғары оқу орны қатарына қосылып, 163-орынға көтерілді.

ҚазҰУ – Қазақстан мен Орталық Азияның үздік 200 университетіне енген алғашқы және жалғыз университет.

ҚазҰУ Батыс және Шығыс Еуропа, Солтүстік Америка, Азия және Тынық мұхиты аймағындағы 650-ден астам жоғары оқу орындарымен байланыс орнатқан.

Білім ордасында 120 мамандық бойынша Еуропа, АҚШ, Оңтүстік-Шығыс Азия, Ресей университеттерімен қос диплом бағдарламасы жүзеге асырылады.

XXI ғасыр – заманауи технология мен ғылыми прогрестің кезеңі.

Әр ұлттың бәсекеге қабілеттілігі  жас ұрпақтың білімімен,  ғылыми әлеуетімен өлшенеді.

Креативті идеялар мен жаңа бастамалардың қозғаушы күші де – жастар.

ХХ ғасыр басында түркі әлемінің ақыны  Мағжан Жұмабаев  «Мен жастарға сенемін!» деп ұран тастаған еді.

Осы бір ауыз сөз әлі де жастардың жүрегіне от беріп, кемел келешекке деген сенімдерін оятуда.

Түркі әлемінің интеллектуал жастарының бас қосуы бұл шараның маңызды екенін көрсетеді.

Әрбір елдің өз тәжірибесі мен бірегей әлеуеті бар.

ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымымен бірлескен форум  түркі әлемі жастары үшін үлкен тәжірибе алмасу алаңы болады деп сенемін.

Форум жұмысына табыс тілеймін.