Бизнес білім дамытылады

25 қараша, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Швейцариядағы экономика және менеджмент бизнес мектебінің ректоры Доминик Джорданмен кездесті.

Тараптар болашақта бірлесіп атқаратын жобалар жөнінде пікір алмасып, әріптестік қатынастарды одан әрі арттыруға келісті.

Жүздесуде Жансейіт Түймебаев құрметті қонақтарға ҚазҰУ-дың жетістіктері туралы ақпарат беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ өз сөзінде ректор университет базасындағы «Al-Farabi business school» мен Швейцария экономика және менеджмент бизнес мектебі арасындағы ынтымақтастықты дамыту қажет екенін баса айтты.  

«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да экономика факультеті мен бизнес жоғары мектебі бар. Алдағы уақытта аталған сала бойынша ортақ қосдипломдық білім беру бағдарламасын жүзеге асыру қажет деп санаймын. Бұған екі тарап мүдделі. Сонымен қатар  Швейцарияның экономика және менеджмент бизнес мектебінде ҚазҰУ филиалын ашуды ұсынамын», - деді ректор.

Өз кезегінде Швейцариядағы экономика және менеджмент бизнес мектебінің ректоры Доминик Джордан ілтипат білдіргені үшін ЖОО басшылығына ризашылығын жеткізді. Өз сөзінде құрметті қонақ айтылған ұсыныстарды қолдайтынын және серіктестікті одан әрі нығайтуға бар күш жігерін салатынын жеткізді.

Кездесу соңында тараптар аталған жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыруға уағдаласып, бірлескен жұмыс тобын құруға келісті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі