«Дені саудың жаны сау: Денсаулығыңды қалай күтесің» атты дөңгелек үстел өтті
2024 жылдың 26 қараша күні Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультеті мен «Шет тілі: екі шет тілі» мамандығының қазақ және түрікмен студенттері «Дені саудың жаны сау: Денсаулығыңды қалай күтесің» тақырыбында тәрбиелік және танымдық маңызы зор дөңгелек үстел ұйымдастырды. Бұл шара Тұрақты даму бағдарламасы аясында жастардың денсаулыққа деген жауапкершілігін арттыруға бағытталды.
Дөңгелек үстел барысында студенттер денсаулық күтімі бойынша тәжірибе алмасып, дұрыс тамақтану, дене белсенділігі, сапалы ұйқы, зиянды әдеттерден арылу және дәрігерлік тексерулердің маңыздылығына тоқталды. Шараға қатысқан лингвистика магистранты Нұрбек Мунила мен 4-курс студенті Альпенова Іңкәр жатақхана жағдайындағы денсаулық күтімі жайлы ойларымен бөлісті. Сонымен қатар, викториналық сұрақтар арқылы қатысушылар жаңа ақпаратпен танысып, пайдалы кеңестер алды.
Іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан оқытушылар Медетбекова П. мен Дәулет А. денсаулық сақтау мәдениетінің қазіргі қоғамдағы маңыздылығын және физикалық пен психологиялық саулықтың өзара байланысын атап өтті. Олардың айтуынша, күйзеліс пен эмоционалдық жағдай адамның денсаулығына тікелей әсер етеді.
Бұл шара жастарды салауатты өмір салтын ұстануға ынталандырып, денсаулықты сақтаудың негізгі әдістерін үйренуге мүмкіндік берді. Осындай бастамалар болашақта сау, белсенді және саналы ұрпақ тәрбиелеуге ықпал етеді.
Ұйымдастырушы: 2-курс студенті Төлебаева Г., Түркітану және тіл теориясы кафедрасының оқытушылары: Медетбекова П., Дәулет А., және кафедра меңгерушісінің оқу-әдістемелік және тәрбие істері бойынша орынбасары Кудьярова Шолпан Таубаевна.