Инклюзивті білім беру жетілдіріледі

29 қараша, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде инклюзивті білім беруге және осы бағытты ЖОО-да дамытудың жол картасы тұжырымдамасын талқылауға арналған қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен кездесу өтті.

Іс-шараны «Инклюзивті білім беру» ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Ғайния Тажина ашып, қазіргі қоғамдағы инклюзияның өзектілігі мен бағытына ерекше назар аударды. Ол өз сөзінде ерекше қажеттіліктері бар студенттер үшін қолжетімді білім беру ортасын құру барлық мүдделі тараптардың кешенді ынтымақтастығын талап ететін міндет екенін айтты.

«ҚазҰУ-дың инклюзивті білім беруді дамыту жөніндегі жол картасында біз мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасауға көмектесетін жаңа идеялар енгізуіміз керек. Тек бірлескен күш-жігермен ғана біз тиімді тәсілдерді әзірлеп, қолжетімді білім беру ортасын құруды қамтамасыз ететін идеяларды іске асыра аламыз. Барлық студенттің құқығы тең болуы тиіс», – деді Ғайния Тажина.

Жол картасы тұжырымдамасын талқылау барысында «Жан» мүгедектер құқықтары жөніндегі Азия қоғамының басшысы Ілияс Фаткулин атап өткендей, «Оқу процесінде ерекше қажеттіліктері бар студенттерге әдеттегідей талаптар қойылуы тиіс. Бұл тәсіл олардың өз алдындағы жауапкершілігін арттырады және өз мүмкіндіктеріне қатысты сенімін қайтаруға көмектеседі».

Сондай-ақ Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Богдан Джепка мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жоғары оқу орындарында қажетті жағдайлар жасау жоғары білім алғысы келетіндердің санын едәуір арттырады деген пікірін білдірді. Бұл өз кезегінде олардың қоғамға толыққанды бейімделуі үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Кездесу барысында қатысушылар жалпы мәселелерді, мүмкіндігі шектеулі студенттер үшін тең жағдайларды қамтамасыз ету шарттарын, соның ішінде оқу бағдарламаларын бейімдеуді, тиімді оқыту үшін жаңа технологиялардың қолжетімділігін және пайдаланылуын талқылады. Мамандар инклюзивті білім беруді дамытуды қамтамасыз ететін жол картасы тұжырымдамасын әзірлеуге ерекше назар аударды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі