Шанхай университетіндегі тағылымдама
2024 жылдың 16-24 қарашасы аралығында «Менеджмент» кафедрасының зерттеушілер тобы – жоба жетекшісі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Сансызбаева Г.Н., жоба орындаушылары, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Аширбекова Л.Ж. және аға оқытушы Аметова Ж.А. – Шанхай университетінде (Шанхай қаласы, Қытай) ғылыми тағылымдама аясында болды. Бұл тағылымдама «Мемлекеттік басқарудағы жасанды интеллект технологиялары: қолдану мәселелері мен перспективалары, 2024-2026 жж.» атты гранттық жобаның шеңберінде ұйымдастырылды.
Тағылымдаманың басты мақсаты – жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын мемлекеттік басқаруда қолдану бойынша шетелдік тәжірибені зерттеу болды.
Тағылымдама барысында Шанхай университетінің Менеджмент мектебі мен Іскерлік әкімшілендіру кафедрасының жетекші ғалымдарымен кездесулер өткізілді. Зерттеушілер сонымен қатар Менеджмент мектебінің жанындағы Жасанды интеллект зерттеу орталығында және Шанхай қаласының жоспарлау көрме орталығында болды. Бұл іс-шаралар қаланы цифрландыру және технологиялық даму тәсілдерін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. 19-21 қараша аралығында жоба тобы Шанхай жаңа өнімдер мен технологиялар көрмесіне қатысты, мұнда инновациялық шешімдер мен олардың басқаруда қолдану әдістері зерттелді.
Тағылымдама тек шетелдік тәжірибені зерделеу үшін ғана емес, сонымен қатар халықаралық әріптестермен ғылыми байланыстарды нығайту үшін бірегей мүмкіндік берді. Іс-сапар нәтижелері Қазақстанда мемлекеттік басқаруда ЖИ қолдану саласындағы одан әрі зерттеулердің негізі болмақ.