«Крим-Экс – 2024»

6 желтоқсан, 2024

«Крим-Экс – 2024»
2024 жылғы 28 қарашада «Қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика» кафедрасы «Қылмысқа қарсы күрес мәселелерін зерттеу орталығымен» бірлесіп, магистранттар мен бакалаврлар арасында кәсіби шеберліктің 11-ші Халықаралық «Криминалистика және сот сараптамасы бойынша үздік мамандар» байқауын – «Крим-Экс – 2024» өткізді.
Алғашқы «Крим-Экс – 2014» байқауын ұйымдастырушы және идеялық демеушісі Қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының меңгерушісі, профессор Р. Е. Джансараева болды. Оған Алматы жоғары оқу орындарының үш командасы қатысты. Жыл сайын байқау географиясы кеңейіп, қатысушы командалар саны артып келеді. Бұл байқау жоғары оқу орындарының білім беру кеңістігінде тұрақты орын алып, жарқын әрі күтілетін оқиғаға айналды.
Биылғы дәстүрлі іс-шара БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру аясында өтті:
4. «Баршаға инклюзивті және әділетті сапалы білім беруді қамтамасыз ету және өмір бойы білім алу мүмкіндігін насихаттау»;
16. «Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар»;
17. «Тұрақты дамуға арналған серіктестік».
Байқауға Қазақстан мен шет елдердің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарынан 12 команда қатысты.
Қатысушылар криминалистика және сот сараптамасы саласындағы терең теориялық білімдері мен практикалық дағдыларын көрсетіп, шынайы сценарийлер мен күрделі тапсырмаларда кәсіби және креативті шешімдер қабылдай білді. Әр команда қылмыстарды тергеуге арналған бірегей тәсілдер мен инновациялық идеяларын ұсынды. Іс-шара студенттер мен магистранттарға кәсіпті кешенді түсінуге, сын тұрғысынан ойлау қабілетін және командада жұмыс істеу дағдыларын дамытуға мүмкіндік беретін тәжірибе алмасу алаңына айналды. Бұл құқық қорғау органдары үшін білікті мамандар даярлауда маңызды аспект болып табылады.
Тәуелсіз, тәжірибелі криминалистер мен сарапшылардан тұратын қазылар алқасының шешімі бойынша байқау нәтижелері келесідей болды:
Магистратура бойынша:
1-орын: «ПравоХранители» командасы, Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай ІІМ академиясы.
2-орын: «Crim-Team 2.0» командасы, ҚР Бас прокуратурасы жанындағы құқық қорғау органдары академиясы.
3-орын: «ДетекДивы» командасы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ.
Бакалавриат бойынша:
1-орын: «ForEx» командасы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ.
2-орын:
* «Коркыт із кесушілері» командасы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті;
* «Factum» командасы, «Тұран» университеті;
* «Вскрытие покажет» командасы, Б. Бейсенов атындағы Қарағанды ІІМ академиясы.
3-орын:
* «Фемида» командасы, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті;
* «Femida Sorbonne» командасы, Абай атындағы ҚазҰПУ жанындағы Сорбонна-Қазақстан институты;
* «Код CSI» командасы, Санкт-Петербург гуманитарлық кәсіподақтар университетінің филиалы;
* «404 not found» командасы, М. Есболатов атындағы Алматы ІІМ академиясы;
* «Следствие вели» командасы, Қонаев университеті.