ТДМ-4: Студенттеріміз «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясын тамашалады

Алатау театрында 30 қараша күні «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясын көремендер назарына ұсынылды. Бұл қойлымды тамашалауға университетіміздің студенттері де барды.
Айман мен Шолпан – Маман байдың ерке қыздары. Әкесі екеуін ұзатпақ болғанда айналадағы еркек біткен бойжеткен сұлу қыздарға қызығып, үйленбек ниетте ынтызарлықпен әрбірі білек сыбана сүйіспеншілік «майданына» түседі. Сөйтіп, соңы текетіреске ұласады.
Қойылымда көпшілік сахналары мен халық әндері дәстүрлі өнеріміздің айқын көріністерінен сыр шертті. Бүгінгі ұлттық рухымыздың қайта жаңғыруы тұсында көркемдік сипаты халықтың салт-дәстүр бояуымен әрленген қойылым жанр талабына сай жеңіл әзіл, махаббат шиелінісін, кейіпкерлер мінездерін, жеңіл музыкалық әуенмен оқиғалар байланысын көрсетті. Сонымен қатар режиссер ұлттық салт-дәстүріміздегі халық әндері, айтыс, ұлттық ойындар, би қимылдарын қолдану арқылы спектакльге өң берді.
Айман-Шолпан жырының негізінде қойылған бұл музыкалық комедия көрермендерге жағымды көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар сахнадағы кейіпкерлер өздерінің әсем әуендері мен ұлттық киімдері, әзіл-қалжыңдары арқылы көрермендердің қошеметіне ие болды.