ҚазҰУ отандық рейтингте өз позициясын нығайтты
2025 жылғы «Атамекен» ҰКП ЖОО рейтингінің қорытындысы бойынша Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті өз позициясын нығайтып, Қазақстанның жетекші университеті мәртебесін растай түсті.
Атап айтқанда университеттің 59 білім беру бағдарламасының ішінен 9 бағдарлама бірінші орынға ие болды, ал 42 бағдарлама үздік ондыққа енді. Бұл жетістік ҚазҰУ-дың білім беру үдерісінің жоғары сапасын, түлектерінің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін және білім беру бағдарламаларының заманауи талаптарға сай келетінін дәлелдейді.
ҚазҰУ практикалық қызметке бейімделген және әртүрлі салаларда сұранысқа ие мамандарды даярлайды. 2024 жылы түлектердің жұмыспен қамтылу деңгейі 79 пайызды құрады. Оқу ордасының түлектері келесі білім беру бағдарламалары бойынша жоғары сұранысқа ие: «Кітапханалық ақпараттық жүйелер», «Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері», «Ақпараттық жүйелер», «Психология», «Жылу энергетикасы», «Әлемдік экономика», «Әлеуметтік жұмыс», «Техникалық физика», «Қазақ филологиясы», «Педагогика және психология». Аталған білім беру бағдарламалары бойынша түлектердің жұмыспен қамтылу деңгейі 90 пайыздан 100 пайызға дейінгі көрсеткішті құрайды.
Орташа есеппен алғанда ЖОО-ны аяқтағаннан кейін түлектер жұмыс іздеуге 105 күн (3,5 ай) жұмсайды, оның ішінде түлектердің 23 пайызы жұмысын алғашқы үш айда тапса, 77 пайызы алты ай ішінде жұмысқа орналасады.
«Атамекен» ҰКП Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп жеті жыл қатарынан отандық жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларын тәуелсіз бағалауды жүргізіп келеді. Университеттер 19 негізгі критерий бойынша бағаланады, олардың ішінде түлектерді жұмыспен қамту деңгейі, медиандық жалақы, оқытушы-профессорлар құрамының сапасы, бағдарламалардың аккредитациясы және білім беру бағдарламаларының өзектілігі бар.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ЖОО рейтингіндегі жоғары нәтижелері білім беру бағдарламаларын жаңарту, оқыту сапасын арттыру және түлектердің еңбек нарығының талаптарына бейімделуіне жағдай жасау бойынша жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесі болып табылады.
Рейтинг нәтижелерімен келесі сілтеме арқылы танысуға болады: https://atameken.kz/ru/university_ratings.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі