Білім мен ғылым дамуының жаңа сатысыFarabi University

Білім мен ғылым дамуының жаңа сатысы

29 қаңтар, 2025

2025 жылдың 28 қаңтарында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Аталған жиында еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму барысы қорытындыланып, болашақ жоспарлар талқыланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отырыстың басты мақсатын –  «азаматтардың әл-ауқатын арттыру» екенін айқындап, басқа да өзекті мәселелерге ерекше назар аудартты. Олар, атап айтқанда: экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды дамыту ісін жаңа деңгейге көтеру, цифрлық технологияны жан-жақты енгізу,  энергетиканы дамыту және ядролық кластер құру, агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру, салық-бюджет саясатын реформалау, маңызды жобаларды қаржы көздерімен қамтамасыз ету, әлеуметтік қолдау ісін реттеп, денсаулық сақтау, білім беру және ғылым саласын одан әрі дамыту.
Әрине, біз үшін ең маңыздысы – Қазақстандық білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып саналатыны анық. Себебі, бүгінде әлем күн сайын, тіпті сәт сайын өзгеріске түсіп, ғаламда жаһандану үрдісі ерекше жүруде. Кезінде ұзақ уақытта орын алатын өзгерістер бір мезетте жүзеге асып жатыр. Замана көші жылдам айналып, ұшқыр уақыт тоқтаусыз алға жылжуда. Адамзат баласы ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан құндылықтар өзгеріске түсуде. Осы жағдайларды саралаған ғалымдар, мұның себебін қазіргі таңда ғылым-білімнің жылдам дамып, жаңа технологиялардың пайда болуынан деген тұжырым жасауда. Ия шынымен де, тарихтың талай толқынынан өтіп, ғасырлардың қойнауынан тамыр тартқан жұмыр жерде, қазіргі кезеңде уақыт жылдам айналатындай әсер беріп отырғаны бәрімізге белгілі. Осының барлығының түпкі себебі білім мен ғылымның айрықша дамуы сипатынан болуда. Әлемдік ауқымдағы осындай даму қазіргі біздің қоғамда да байқалады. Бұл жаңалыққа тез бейімделіп, сапалы қоғам орнату – басты міндетіміз. Осы маңызды қадам Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында айқын көрініс тапты.
Президенттің қоғам алдына қойып отырған әлеуметтік-экономикалық даму міндеттері, мемлекет дамуының басты қағидаттары болып саналады. Басқосуда маңызды міндеттердің жүзеге асуы мен стратегиялық бағыттары да айқын нақтыланды. Білім мен ғылымды дамытуға жаңаша көзқарас қалыптастыру және мемлекеттік тұрғыдан қолдауды ұлғайту қажет деген нақты ұстаным ұсынылды. Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл тапсырысы аса маңызды ауқымды істердің негізі. Себебі мұндай тапсырма ел дамуындағы басты бағыттардың бірі болып саналады.Үкіметтің алдағы жұмыс жоспары мен бағдарламалары да осы бағыттар негізінде жүзеге асады.
Жалпы осындай жетістіктерді дамытып отыру үшін мемлекетімізде білім саласында жиі реформалар мен өзгерістер қолға алынып отырады. Бұл заман талабынан туындап отырған қажеттілік. Жалпы Президенттің алдыға қойған міндеттері бүгінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде толық жүзеге асуда. Студенттерге заман талабына сай білім беру, олардың әлеуметтік өміріне қолдау көрсету оқу орнының басты қағидаты. Қазіргі таңда осы іргелі шаңырақ тек қана білім беру емес ғылыми зерттеу орталығына да айналған. Еліміздегі ең басты жетекші оқу орны, әлемдік жоғары оқу орындарының талабынан өткен, үздік университеттер қатарында саналатын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің білім беру және ғылым саласын одан әрі жан-жақты дамытуға үлес қосуы – барша университет ғалымдарымыздың ортақ ісі дегіміз келеді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, филология факультеті
Түркітану және тіл теориясы кафедрасының доценті,
ф.ғ.д. Қ.Ж.Айдарбек