- Басты бет
- Жастар ұйымдары
- ТДМ-16: Отбасы банк қызметкерлері студенттерге «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы туралы кеңес берді
ТДМ-16: Отбасы банк қызметкерлері студенттерге «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы туралы кеңес берді

Университетімізде 2025 жылдың 5 ақпан күні Алматы қаласы бойынша жауапты «Отбасы банк» қызметкерлері Шығыстану факультетінің 2006-2007 жылғы студенттеріне 2024 жылдан бастап енгізілген «Ұлттық қор – балаларға» жобасы туралы кең көлемде ақпарат берді. Бұл жоба еліміздің болашағы, яғни балалар мен жасөспірімдер үшін аса маңызды қаржылық қолдау құралы болып табылады.
«Ұлттық қор – балаларға» жобасының негізгі мақсаты – 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер үшін арнайы жинақ есептерін ашу, сол арқылы Ұлттық қордан жыл сайын белгілі бір мөлшерде қаражат түсіп отыруын қамтамасыз ету. Бұл жинақтар болашақта балалардың білім алу, тұрғын үй мәселесін шешу, медициналық қызметтерді алу, сондай-ақ басқа да маңызды қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын болады.
Жоба туралы ақпаратты жеткізу мақсатында университетімізге келген «Отбасы банк» мамандары, әсіресе 2006-2007 жылы дүниеге келген студенттерге ерекше назар аударды. Себебі студенттер жақын арада 18 жасқа толып, олардың жинақтары бойынша ақылы бөлімде білім алу кезінде оқу ақысына, тұрғын үй сатып алу немесе басқа да мақсаттарға қаражат жұмсау мүмкіндігіне ие болды. Жобаның басты мақсаты – студенттерге және олардың отбасыларына болашақта қаржылық қолдау көрсету, сондай-ақ мемлекет тарапынан бөлінетін қаражатты тиімді пайдалануға көмектесу.
Шығыстану факультетінің студенттері өз жинақ қорлары мен тұрғын үй алу мүмкіндіктері туралы сұрақтар қойып, «Отбасы банк» мамандарынан толық әрі нақты жауаптар алды. Сонымен қатар, жинақ есебі жоқ студенттерге арнайы есеп ашу мүмкіндігі ұсынылып, банк қызметкерлері бұл процессті қалай бастау және жүргізу керектігін түсіндірді. Студенттер ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жоғары бағалап, өз ризашылықтарын білдірді.