- Басты бет
- Жастар ұйымдары
- ТДМ-4: Студенттер «Мұқағалимен сырласу...» поэтикалық ән-кешінін тамашалады
ТДМ-4: Студенттер «Мұқағалимен сырласу...» поэтикалық ән-кешінін тамашалады
Қазақ поэзиясының мұзбалағы, ұлы ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Химия және химиялық технология факультетінің студенттері 11 ақпан күні «Алатау» дәстүрлі өнер театрында болып, «Мұқағалимен сырласу...» атты поэтикалық ән-кешін тамашалады.
Ақынның шығармашылығына деген құрметті арттыру және жас буынға рухани азық сыйлау мақсатында ұйымдастырылған бұл кеш студенттер үшін әсерлі әрі тағылымды мәдени шараға айналды. Көрермендер Мұқағали жырларындағы адамгершілік, махаббат, табиғат, өмір мен өлім тақырыптарының сахнада шеберлікпен өрнектелуіне куә болды. Театр актерлері ақын өлеңдерін жүрекпен оқып, оның шығармашылығына жаңа тыныс берді. Әсерлі қойылым, жанды дауыс, нәзік лирика – барлығы көрерменге ерекше рухани шабыт сыйлады.
Кеш барысында ақын жырларына жазылған әндер шырқалып, Мұқағалидың өмірі мен шығармашылық жолынан сыр шертетін сахналық қойылымдар қойылды. Ақынның өлеңдеріне негізделген композициялар арқылы көрермендер оның жан толғаныстарын, ішкі қайшылықтары мен терең философиялық ойларын тағы бір мәрте сезінді.
Шара соңында студенттер алған әсерлерімен бөлісіп, қазақ әдебиетінің ұлы мұрасынан рухани нәр алғандарын атап өтті. Театр ұжымына ерекше алғыстарын білдіріп, поэзияға деген сүйіспеншіліктерінің артқанын жеткізді. Сондай-ақ, студенттер кештің есте қаларлық сәттерін естелік суреттермен толықтырды.
«Мұқағалимен сырласу...» поэтикалық ән-кеші – ақын жырларының халық жүрегінде мәңгілік сақталатынын айғақтайтын тамаша кеш болды. Мұқағали өлеңдері әлі де талай ұрпақтың жандүниесін тербетіп, поэзия әлеміне жетелей бермек.