ҚазҰУ-90 салтанатты жиынындағы сөзіFarabi University

ҚазҰУ-90 салтанатты жиынындағы сөзі

28 december, 2024

Құрметті Ерлан Тынымбайұлы!

Құрметті қонақтар,

оқытушы-профессорлар құрамы,

білім алушы жастар!

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдығына арналған салтанатты жиынды бастауға рұқсат етіңіздер!

Бүгінгі күннің университет үшін ғана емес, ел дамуындағы тарихи маңызы зор.

Өйткені қуатты Қазақстанды экономикалық өсімге жеткізетін – сапалы білім мен іргелі ғылым.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Қазір – ғылым мен білімнің заманы.

Отанымызды көркейтеміз десек, ең алдымен, осы екі саланы дамытуымыз керек» деген сөзін университет ұжымы жан-жақты жүзеге асыруда.

Университет жоғары рейтингті журналдарда жарияланған ғылыми мақалалар саны бойынша алдыңғы қатарда тұр.

Scopus деректер базасы бойынша қызметкерлеріміздің Хирш индексі 5389-ды құрайды.

2024 жылы Scopus-та жарияланған әр алтыншы мақала (17,4 пайызы) ҚазҰУ ғалымдарына тиесілі.

Қазіргі уақытта «Жас ғалым» гранттық қаржыландыру жобасына 90-нан астам адам қатысуда.

Республика бойынша «Үздік оқытушы» атағын 2024 жылы алған 150 адамның 24 пайызы – ҚазҰУ өкілдері.

«Болашақ» бағдарламасының «500 ғалым» жобасы аясында әр оныншы жеңімпаз – ҚазҰУ оқытушысы.

 

Құрметті жиынға қатысушылар!

Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Жасанды интеллект саласында маман тапшылығын жою» жұмыстары қолға алынды.

Ақпараттық технологиялар факультетінде Киберқауіпсіздік және криптология кафедрасы  құрылды.

Оларға жасанды интеллект көмегімен қауіп-қатерді анықтау, шабуылдарды болжау және зиянды бағдарламалардан қорғау курстары оқытылады.

Қазір ғана біздің университетімізде өздеріңіз көрген Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде орнатылды. Құрылғының жоғары өнімділігі 2000 терафлопсты құрайды.

Президент Қытай Халық Республикасына ресми сапарында «Қытай – біз үшін тату көрші, достас және мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктес мемлекет» деп атап өтті.

 «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында университет Қытай жоғары оқу орындарымен қарым-қатынасты тереңдетуде.

2023-24 оқу жылында Қытайдың жоғары оқу орындарына 100-ге жуық оқытушы, докторант (6), магистрант (76) жіберілді.

Ал ҚазҰУ-да Қытайдан келген 869 студент білім алуда.

Өткен жылы екі ел президенттерінің қолдауымен ҚазҰУ-да Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалы ашылды.

 

Құрметті жиынға қатысушылар!

Университет жетістігінің басты көрсеткіші – түлектер.

Олардың қатарында мемлекет және қоғам қайраткерлері, саясаткерлер, тәжірибелі дипломаттар, ректорлар, көрнекті қаламгерлер мен білікті ғалымдар бар.

ҚазҰУ түлектері арасынан:

  • 1 вице-президент, 2 премьер-министр
  • 7 Парламент палатасының төрағасы
  • 7 Мемлекеттік хатшы, (1 Мемлекеттік кеңесші)
  • 5 Президент Әкімшілігінің жетекшісі
  • 6 Жоғарғы сот төрағасы
  • 8 бас прокурор, 57 министр
  • 13 облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдері
  • 4 Жазушылар одағы басқармасының төрағасы
  • 24 бас редактор. Оның ішінде 12 «Егемен Қазақстан» газетінің, 9 «Казахстанская правда» газетінің бас редакторы
  • 41 төтенше және өкілетті елші
  • 64 жоғары оқу орнының ректоры
  • 80 академик, 130 Мемлекеттік сыйлықтың иегері шыққанын мақтанышпен айта аламыз.

Президент биылғы жолдауында: «Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек.

Азаматтары, әсіресе жастары, мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел», – деп атап өтті.

Студент жастарымыз мәдениетті, білімпаз болуға ұмтылады.

Оған олардың қарым-қабілеті де, даму әлеуеті де жетеді.

Бүгінгі күні Президент тапсырмасына сәйкес, ҚазҰУ қалашығы құрылысының екінші кезеңін іске асыруды қолға алдық.

Бұл – оқытушыларымыз бен студенттеріміздің жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды жоба.

Біздің ұжым өз қызметінде Президенттің «Біз көшке ілесетін емес, көшті бастайтын елдердің қатарында болуымыз керек» деген сөзін әрдайым басты бағдар етіп келеді.

 

Қадірлі халайық!

Алдымыздағы онжылдық белестен кейін төл университетіміздің 100 жылдығы, бір ғасырлық тойы да төбе көрсетіп тұр.

Еліміз үшін маңызды осы онжылдық асуды да баршамыз ынтымақ, бірлікпен, мол табыстармен жүзеге асырайық.

Ортақ мерейтой құтты болсын!