ТДМ-16: «Отбасы банк» мамандары студенттерге «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын таныстырдыFarabi University

ТДМ-16: «Отбасы банк» мамандары студенттерге «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын таныстырды

28 қаңтар, 2025

Білім ордамызда 28 қаңтар күні «Отбасы банк» өкілдерінің қатысуымен «Ұлттық қор – балаларға» жобасы бойынша ақпараттық кездесу өтті. Бұл шараға Физика-техникалық факультетінің 2006-2007 жылы туған студенттері қатысты. Олар жоба туралы толық ақпарат алып, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.

«Ұлттық қор – балаларға» жобасы 2024 жылдан бастап жүзеге асырыла бастады. Бұл жоба еліміздегі 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге арнайы жинақ есепшоттарын ашуды көздейді. Жоба аясында Ұлттық қордан жыл сайын белгілі бір мөлшерде қаржы бөлініп, ол балалардың білім алуына, тұрғын үй алуына, медициналық қызметтерге және басқа да маңызды қажеттіліктеріне жұмсалатын болады.

Кездесу барысында «Отбасы банк» мамандары 2006-2007 жылы туған студенттерге ерекше назар аударды, себебі олар жақын арада 18 жасқа толып, жинақталған қаражатты өз қажеттіліктеріне пайдалануға мүмкіндік алады. Мамандар студенттерге жинақ шоттарын ашу және қаражатты тиімді пайдалану жолдарын түсіндіріп, барлық сұрақтарға нақты жауап берді.

Студенттер бұл кездесуді пайдалы деп бағалап, өз жинақтарын болашақта қалай пайдалануға болатынын толық түсінді. Сонымен қатар, жинақ шоты жоқ студенттерге жаңа есепшот ашу мүмкіндігі ұсынылып, банк өкілдері оның рәсімдеу тәртібін жан-жақты түсіндірді.

Бұл іс-шара студенттердің қаржылық сауаттылығын арттыруға және мемлекет тарапынан бөлінетін қаражатты тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін маңызды қадам болды.