ТДМ-4: Студенттер «Ақ кеме» сахналық қойылымын тамашаладыFarabi University

ТДМ-4: Студенттер «Ақ кеме» сахналық қойылымын тамашалады

28 ақпан, 2025

Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында филология факультеті  студенттері классик жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме» сахналық қойылымын тамашалады.

Ұлы суреткердің «Ақ кемемен» өз әкесінің  келетініне сенетін Бала туралы шығарма бәрімізге етене таныс. Төрткүл дүниенің бір бұрышындағы әсем табиғат аясында алты ересек жан мен жеті жасар баланың тіршілік етуі бізге ақ пен қараның, үміт пен үрейдің адам бойында мәңгілік айқасқа түсіп жататынын аңғартады. Баланың арманы ақиқатқа айналады ма әлде үміті үзіледі ме? Спектакль осы сауалға жауап іздейді. Күн шықса шексіз көкжиектерге дүрбімен қарап, кеш батса айдын көлге арман-қиялында «ақ кеме» салып, әкені аңсаумен, ана құшағына жарымай өскен баланың тағдыры мен көркем бейнесі көпшіліктің көңілінен айрықша орын алары анық. 

Шығарманың басты идеясы – табиғат пен адам арасындағы үйлесімділік, әділетсіздік пен арманның қайшылығы көрерменді бей-жай қалдырмады. Қойылым соңында студенттер алған әсерлерімен бөлісіп, естелік суретке түсіп, театр ұжымының кәсіби шеберлігіне жоғары бағаларын білдірді.