Қазақтың ұлттық мұрасы: ою-өрнек пен кәсіби тілге саяхат

02.04.2025 ж. Қолданбалы қазақ тіл білімі» мамандығының 1-курс магистранты Смағұлова Жанаргүл «Қазақтың ұлттық ою-өрнегі. Кәсіби лексикa» тақырыбына «6B05203 - Гидрология» мамандығының 1-курс студенттерімен ашық семинар сабағын өтті. Бұл сабақ А. Байтұрсынұлы атындағы қазақ тіл білімі кафедрасының оқытушысы ф.ғ.к., доцент Мұхамади Қ.Т. жетекшілігімен ұйымдастырылды және студенттерді қазақтың терең ұлттық мұрасы – ою-өрнектердің бай қазынасымен таныстыруға бағытталды.
Семинар барысында қазақ мәдениетінің көрнекті символы болып саналатын ою-өрнектердің шығу тарихы мен қолданылу ерекшеліктері жайында қызықты деректер мен ақпараттар ұсынылды.
«Қазақтың ұлттық ою-өрнегі» туралы бейнебаянды талдау және жазбаша тапсырмаларды орындау арқылы тыңдалым мен жазылым дағдылары дамытылды. Мақал-мәтелдермен жұмыс арқылы ою-өрнек пен мәдениеттің байланысы тереңірек қарастырылды. Бұл студенттерге тілдік қорларын байытып, кәсіби терминдерді дұрыс қолдануды үйренуге мүмкіндік берді.
Шеберлік сәт барысында студенттерге арнайы материалдар ұсынылып, дәстүрлі өрнектердің мән-мағынасын терең түсіну арқылы өз ою үлгілерін жасау мүмкіндігі берілді.
Сабақтың қорытынды кезеңінде студенттер алған білімдерін жинақтап, өз пікірлерін ортаға салды. Ең белсенді студенттер сыйлықтармен марапатталды.
Ұлттық мұра – бұл тек өткеннің куәсі емес, болашаққа ұмтылған ұлттың алтын қазығы. Қазақтың мәдени мұрасын дәріптеуге бағытталған осындай бастамалар еліміздің өзге жоғары оқу орындарына үлгі болары сөзсіз. Бұл тек кәсіби білім ғана емес, сонымен қатар рухани байлық пен ұлттық дәстүрлерді ұлықтауға деген қадам екенін көрсетеді.
Басқа жаңалықтар


