Қытайлық серіктестермен жаңа жобалар іске асады

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға қытайлық Tus-Holdings Co. компаниясының делегациясы іссапармен келді, олар оқу орнының ғылыми әлеуетімен танысып, университет ректорымен жүздесті.
Еске сала кетейік, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Қытайға жұмыс сапары барысында Tus-Holdings Co. Директорлар кеңесінің төрағасы Ван Цзюмен кездесіп, инновация, технологиялық даму және инвестициялық жобалар бойынша ынтымақтастықтың келешегін талқылаған болатын. Аталған кездесу нәтижесінде қытайлық холдинг өкілдері ҚазҰУ-ға арнайы жұмыс сапарымен келді.
Кездесу барысында ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев пен Tus-Holdings Co. компаниясының вице-президенті Фрэнсис Чанг екіжақты серіктестік туралы меморандумға қол қойды.
Келісім аясында тараптар болашақта ғылыми инфрақұрылымды дамыту бойынша бірлесіп жұмыс істейді. Яғни технология және инновация саласында ортақ жобаларды жүзеге асырып, коммерцияландыру жұмысын жандандырады. Аталған жұмыстарды іске асыруда және инновациялық жобаларды нарыққа шығаруда тараптар бірге екі мемлекеттегі компанияларды жұмылдырады.
Білім ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ-дың қызметі мен жетістіктері туралы айтып, Қытай ЖОО-лары және көшбасшы компанияларымен әріптестік байланысты арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Бұған қосымша, жасалған келісім шеңберінде атқарылатын жұмыстар жөнінде ұсынысын жеткізді.
«Меморандум аясында бізге арнайы жол картасын әзірлеу қажет. Бұл алдағы уақытта бірлесіп атқаратын жобалар мен бастамаларды айқындайды. Бұдан бөлек, ҚазҰУ базасында Tus-Holdings Co. компаниясының орталығын ашуды ұсынамын. Бұл өз кезегінде холдингтің Қазақстандағы филиалы болады. Осы бөлімше арқылы Қазақстандағы және жақын елдердегі жұмыстарды жүргізуге мол мүмкіндік туады», – деді ректор.
Өз кезегінде Фрэнсис Чанг ілтипат білдіргені үшін оқу ордасының басшылығына ризашылығын айтып, Tus-Holdings Co. компаниясы туралы мәлімет берді. «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстандағы маңызды ЖОО-ның бірі. Бұған дейін университет туралы көп еститінмін. Бүгін оқу ордасына келіп, ғылыми инфрақұрылымымен таныстық. ҚазҰУ мен Tus-Holdings Co. компаниясы арасында жасалған меморандум әріптестік байланысты жан-жақты дамытуға тың серпін беретініне сенімдімін», – деді вице-президент.
Tus-Holdings Co. – Цинхуа университеті негізінде құрылған ғылыми-технологиялық инвестициялық мемлекеттік-жекеменшік холдингтік топ. Оның нарықтық капитализациясы – 28 млрд АҚШ доллары. Компанияның әлемнің 80-нен астам қаласында инновациялық техноорталықтары, 200-ден астам технологиялық инкубаторлары және 400 технопаркі бар. Сондай-ақ Tus-Holdings Co. Бейжіңде «TusPark» жобасын жүзеге асыруда. Бұл – әлемдегі ең ірі университет жанындағы ғылыми-технологиялық парк.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

