Корейтанушы Корея Республикасы елшілігінің корей тілінде мәнерлеп оқу байқауында жүлделі орынға ие болды.Farabi University

Корейтанушы Корея Республикасы елшілігінің корей тілінде мәнерлеп оқу байқауында жүлделі орынға ие болды.

19 сәуір, 2025

2025 жылдың 18 сәуірінде Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Корея Республикасы Елшілігінің Корей мәдени орталығының қолдауымен «K-Lit & Treats» корей тілінде мәнерлеп оқу байқауын өткізді. Мәнерлеп оқу сайысы жеке түрде өтіп, байқауға Алматы қаласынан корейтану мамандығының 20-дан астам бірінші және екінші курс студенттері қатысты. Шараның басты мақсаты Корея Республикасының корей тілін, әдебиеті мен мәдениетін сүйетіндердің басын біріктіру, сонымен қатар студенттердің шығармашылық әлеуетін дамыту және әдеби-көркемдік талғамын тәрбиелеу болды. Байқау барысында қатысушылар корей авторлары Ма Джонги, Ко Ын, Ки Хён До және Ким Хён Сонның өлеңдерін оқыды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дан Шығыстану факультеті  Қиыр Шығыс кафедрасының студенттері: Мирас Бариев, Әйгерім Ниязбаева, Аружан Дарубай, Ақжарқын Кенжебек, Еркежан Мұратхан қатысты.

Студенттер 2 апта бойы Қиыр Шығыс кафедрасының аға оқытушысы Исмаилова Сәуле Жүсіпбекқызының жетекшілігімен іс-шараға ынтамен дайындалды. Дайындық барысында студенттер корей тілінде өлең оқудың ерекшеліктерін, қимыл-қозғалысы мен ым-ишарасын, эмоцияның интонациялық берілуінің күрделілігін, үзілістердің дұрыс орналасуын пысықтады. Корей тіліндегі өлеңдер ерекше, оларда ерекше мағына, жасырын құпия хабар бар. Сондықтан кіші курс студенттердің қатысуы жас корей ғалымдарын дамуында өте маңызды. Осындай іс-шаралар тіл зерттелетін елдің мәдениетімен танысуға мүмкіндік береді.

Шара барысында студенттер кәріс тілінде өлең күйін жеткізу, айтылу, интонация, актерлік шеберлік бойынша сайысқа түсті. Сондай-ақ студенттер бір бірімен бейресми жағдайда араласып, корей тілінде жарыс өткізу мәдениетімен танысуға мүмкіндік алды.

Конкурс қорытындысы бойынша корей тілінде өлең оқуда ерекше дарындылық пен қабілет танытқан 2 курс студенті Мұратхан Еркежан 2 орын үшін Құрмет грамотасымен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Еркежанның жетістігі мен жоққа шығармайтын талантын қазылар алқасы жоғары бағалады. Ал барлық қатысушылардың ішінен тек Қиыр Шығыс бөлімінің студенттері ғана алғыс хаттармен ерекшеленді!

Барлық студенттерді корей тілінде мәнерлеп оқу байқауына сәтті қатысуларымен құттықтаймыз және алдағы уақытта шығармашылық табыс тілейміз!