Шығыстану (корейтану) мамандығы бойынша өткізілген республикалық олимпиадаFarabi University

Шығыстану (корейтану) мамандығы бойынша өткізілген республикалық олимпиада

22 сәуір, 2025

2025 жылдың 22 сәуірінде  әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультеті Қиыр Шығыс кафедрасының ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары арасында шығыстану (корейтану) мамандығы бойынша дәстүрлі Республикалық пәндік олимпиадасы» өткізілді. Бұл зияткерлік дода еліміздің үздік студенттерін біріктіріп, олардың корей тілі мен мәдениетін, тарихын, дінін, қоғамын меңгеру деңгейін бағалауға мүмкіндік береді.

Олимпиаданың мақсаты – шығыстану саласында білім алып жатқан студенттердің кәсіби дайындық деңгейін арттыру, корей тілі, тарихы мен мәдениеті бойынша терең білімін саралау, сонымен қатар жастардың ғылыми-шығармашылық әлеуетін дамытуға жағдай жасау. Бұл іс-шара студенттердің шығыстану саласына қатысты білімдері мен дағдыларын жетілдіру, шығармашылық қабілеттерін, ғылыми ізденісін дамыту, дарынды білімгерлерді анықтау және оларға қолдау көрсету аясында ұйымдастырылды.

Олимпиадаға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеттерінің  «Шығыстану» мамандығы бойынша білім алып жатқан 2-4 курс студенттері  қатысты. 

Қонақ ретінде шақырылған және комиссия төрағасы қызметін атқарған «Шинхан Банк Қазақстан» АҚ Президенті Чо Еёнын мырза, Абылайхан атындағы ҚазХҚжӘТУ-дің  шақыртылған зерттеушісі О Санг Хо мырза және кафедраның оқытушы-профессорлар құрамы қатысушыларға сәттілік тіледі. Байқау бағдарламасы екі  кезеңнен тұрды: корей тілінен тест, корей тарихы және мәдениетіне байланысты тест тапсырмалары және берілген тақырыпта презентация қорғау.

Олимпиада қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен және ынталандыру грамоталарымен марапатталды.  Олимпиада – тек білім жарысы ғана емес, корей елін тереңірек зерттеп-зерделеуге ұмтылған жастар үшін тәжірибе алмасу мен кәсіби дамудың бірегей алаңы.