
2025 жылдың 16 сәуірінде 4-ТДМ «Сапалы білім» бағыты аясында университет қабырғасында «Қазақ тілінің морфологиясы» пәнінен ұйымдастырылған «Үстеу. Үстеулердің қалыптасу тарихы, зерттелуі» атты ашық дәріс сабағы мен «Үстеудің семантикалық топтары» тақырыбындағы ашық семинар ерекше серпінмен өтті. Аталмыш іс-шараны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультеті А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасының аға оқытушылары, ф.ғ.к. Ж.Б.Саткенова, ф.ғ.д. Г.Ж. Болатова, педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының доценті, пед.ғ.к. Б.И. Иманбекова, сондай-ақ жалпы және қолданбалы психология кафедрасының профессоры м.а., психол.ғ.к. Н.С. Жұбаназарованың жетекшілігімен «7M01701 – Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының 1-курс магистранты Ұ.Ә.Галпай ұйымдастырды.
Аталған дәріс пен семинар сабағы студенттердің пәнге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, үстеу сөз табының семантикалық топтары туралы ақпараттарды меңгеруге мол мүмкіндік берді. Ашық дәрісте ұстаз дәстүрлі баяндау тәсілдерін заманауи білім беру технологияларымен шебер ұштастырып, мультимедиалық материалдарды интерактивті тапсырмаларды қолдана отырып, тың әрі мазмұнды ақпараттармен бөлісті.
Семинар сабағында студенттер үстеу сөз табын зерттеген ғалымдардың еңбектерін талдап, топтық жұмыс, презентация жасау, Quizz және WordWall секілді платформаларды тиімді қолдана білді. Оқытушы мен студент арасындағы диалог, еркін пікір алмасу және шығармашылық көзқарасты дамыту – семинардың басты ерекшеліктері болды.
Сабақ соңында студенттер үстеу сөз табының зерттелуінің маңыздылығы мен ғалымдардың көзқарастарының өзектілігін дәлелдеп шықты. Студенттердің белсенділігі мен шығармашылық ізденісі сапалы білім берудің айқын көрсеткіші болды.
Ашық дәріс пен семинар сабақтары ұлттық әдеби мұраны заманауи әдістермен меңгеруге жол ашып, 4-ТДМ мақсатына сай сапалы білім беру бағытында маңызды қадам болды.
Басқа жаңалықтар


