ТМД-4: Қазақ филологиясы студенттері мен болашақ тәртіп сақшылары арасында кездесу өттіFarabi University

ТМД-4: Қазақ филологиясы студенттері мен болашақ тәртіп сақшылары арасында кездесу өтті

30 сәуір, 2025

           2025 жылдың 30 сәуірінде Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті филология факультетінің «6B02305 – Қазақ филологиясы» мамандығының    2-курс студенттері «Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы» кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ.к, запастағы полиция полковнигі С.Б.Тілеубаевтың ҚР ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясының курсанттарымен оқытушы-профессорлық қүрамы алдында оқыған «Сөйлеу мәдениеті және шешендік өнер» тақырыбындағы қонақ дәрісіне қатысып қайтты. Дәріс соңы студенттер мен курсанттардың қызықты кездесуіне ұласты.Бұл бас қосу тәрбиелік мәнге ие,мазмұнды әрі тағылымды кездесу болды. Кездесу аясында рухани тәрбие мен шешендік өнер, ұлттық болмыс пен өнер жайында терең әңгімелер қозғалды. Кездесу барысында қазақ филологиясы мамандығының, 2 курс студенттері  Жамалбек Кәусар “Қазақтың шешендері мен билері” туралы мазмұнды ой қозғап, ұлттық рухты сөз арқылы жеткізудің маңыздылығына тоқталса, Жұмамұрат Сымбат “Адай” және “Ерке сылқым” күйлерін орындап, тыңдаушыларды күй құдіретімен тәнті етті.          Қазақ филологиясы мамандығының, 1-курс магистранты Асқарова Гулназ Махамбет термесін шеберлікпен орындап, батырлық рухты сезіндіріп, жастардың ұлттық рухын асқақтатты.

Сонымен қатар, қазақ филологиясы мамандығының 2-курс студенті Бердібек Әділ “Азамат рухы” атты өз өлеңін оқып, елін сүйген ерлерге деген құрметін өлеңмен өрді. Ал, осы топтың студенті Ахметова Айжанар әсем дауысымен ән шырқап, шараның көркемдік мәнін арттыра түсті.

Курсанттар да өз өнерлерін ортаға паш етіп, суырып салып өлең шығарып, домбырамен ән-күй тартты. Бұл өзара шығармашылық алмасу қос тарапқа да шабыт сыйлады.

Осы бір тағлымды шараның өтуіне себепкер болып, кездесудің сәтті өтуіне атсалысқан ұйымдастырушылар қатарында Академияның жалпы білім беретін пәндер кафедрасының бастығы Садуакасова Дина Нигматуллаевна, аға оқытушы, полиция подполковнигі Абылкасимова Айнур Шайзадақызы және кафедра оқытушысы Мергенбаева Арайлым Ертаевналар болды. 

Жылы жүздесу соңында қатысушылар бір-біріне ризашылықтарын білдіріп, естелік сыйлықтар табыстады. Осындай рухани тағлымы мол кездесулер студенттер мен курсанттар арасындағы байланысты нығайтып, ел болашағына ортақ жауапкершілік сезімін арттыра түсетіні сөзсіз.