- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ оқытушысы ғылыми жоба аясында Циндао қаласындағы Дүниежүзілік қытайтану орталығына іс-сапарға барып келді
ҚазҰУ оқытушысы ғылыми жоба аясында Циндао қаласындағы Дүниежүзілік қытайтану орталығына іс-сапарға барып келді

Шығыстану факультеті қытайтану кафедрасының аға оқытушысы, PhD докторы Нуржаева А.М. мемлекеттік іргелі жобаны жүзеге асыру аясында Циндао (ҚХР) қаласына ғылыми сапармен барды. Қытайды зерттеуге арналған жетекші ғылыми платформалардың бірі – Дүниежүзілік қытайтану орталығына сапар жасалды.
Сапардың негізгі мақсаты – заманауи қытай мәдениетін, тілін және халықаралық академиялық байланыстарды зерттеуге бағытталған ғылыми жобаның ғылыми міндеттерін орындауға қажетті материалдарды жинау. Іссапар аясында қытайлық әріптестері – орталық директоры, профессор Сюй Баофэн және орталықтың жауапты сарапшысы, профессор Сунь Цзяньхуамен кездесу өткізіліп, орталықтың мамандандырылған кітапханасының соңғы зерттеулерімен таныстырды.
Сапар барысында Шығыс Азия елдеріндегі, соның ішінде Қытай, Сингапур, Оңтүстік Корея және Жапониядағы конфуцийлік ой-пікірдің даму үлгілерін салыстырмалы зерттеулерден материалдар жинауға мүмкіндік туды. Осы елдердің қазіргі заманғы әлеуметтік-мәдени және білім беру жағдайында конфуцийлік қағидаларды түсіндірудегі айырмашылықтарды талдауға ерекше назар аударылды.
Жиналған мәліметтер одан әрі ғылыми жарияланымдарға негіз болады және синология бойынша оқу-әдістемелік кешендерді дайындауда пайдаланылады. Сонымен қатар, жиналған ақпарат ҚазҰУ оқу бағдарламасы аясында шығыс философиясын оқытудың тәсілдерін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Бұл ынтымақтастық Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми байланысты нығайтуға ықпал етеді, сонымен қатар ҚазҰУ студенттері мен оқытушыларының қытайтану саласындағы академиялық көкжиегін кеңейтеді.
Басқа жаңалықтар


