Аралас ғылым салаларын біріктіру

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Ғылымдардың интеграциясы: биофизика, биомедицина, нейроғылымдар» атты IV халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Іс-шара Қазақстанда ғылымның аралас салаларының ықпалдастығын жандандыру үшін пәнаралық пікірталас алаңын құруға бағытталды. Жиынға шетелдік және отандық ғалымдар, биологтар, дәрігерлер, оқытушы-профессорлар және студенттер қатысты.
Конференцияда сөз сөйлеген ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректорының м.а. Марғұлан Ибраимов дамып келе жатқан ғылымдарды интеграциялаудың ерекше рөлін атап, қазіргі заманның күрделі мәселелерінің түйінін тарқататын тиімді шешімдер табуға мүмкіндік беретін және ғылыми прогреске ықпал ететін пәнаралық тәсіл екенін айтты. Сондай-ақ конференцияда ҚазҰУ биология және биотехнология факультетінің деканы, профессор Меруерт Құрманбаева, Биофизика, биомедицина және нейроғылымдар кафедрасының меңгерушісі, профессор Альмира Құстыбаева сөз сөйлеп, ғылымның өзекті мәселелеріне тоқталды.
Шара барысында қатысушылар биофизика, биомедицина және нейроғылымдар саласындағы қазақстандық ғылымның алдында тұрған теориялық және қолданбалы міндеттерді талқылап, ғалымдардың баяндамалары тыңдалды. Шэньчжэнь университетінің онколог-биологтары Синчжи Сю және Баохуа Лю «UF Mylation геномның гомеостазын реттейді» тақырыбында, ҚазҰУ-дың Биофизика, биомедицина және нейроғылымдар кафедрасының профессоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Сұлтан Төлеуханов «Хронобиология: іргелі және қолданбалы аспектілер» атты тақырыпта баяндама жасады. Сондай-ақ ҚазҰУ-дың Тамырлар патологиясы ғылыми-зерттеу орталығының директоры, медицина ғылымының докторы, профессор Оралбай Дәрменов артерияның атеросклеротикалық бляшкаларына липолитикалық препараттармен тікелей әсер етудің алдын алу нәтижелері туралы баяндады. Конференцияға қатысушылар озық тәжірибе және инновациялық идеялармен алмасты.
Профессор Альмира Құстыбаеваның айтуынша, шетелдік және отандық қатысушылар арасында орнығатын тығыз ынтымақтастық, түрлі саладағы ғалымдардың күш-жігерін біріктірудің жаңа бағыттарын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл пәнаралық өзара іс-қимыл және халықаралық ынтымақтастық жағдайында интегративті ғылымдардың прогрессивті дамуын жеделдететінін атап өтті.
Жиынға қатысушылар биофизика, биомедицина және нейроғылымдар саласындағы өзекті мәселелерді шешу бойынша одан әрі ынтымақтастық пен бірлескен жұмыстың жалғасатынына сенім білдірді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі