«Мемлекеттік басқару және тұрақты даму» форумы: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық ғылыми диалогтың басты алаңына айналдыFarabi University

«Мемлекеттік басқару және тұрақты даму» форумы: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық ғылыми диалогтың басты алаңына айналды

29 мамыр, 2025

2025 жылғы 28–29 мамыр күндері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетінде «Мемлекеттік басқару және орнықты даму: Қытай мен Орталық Азияның диалогы» тақырыбында Халықаралық форум өтті. Іс-шара Ланьчжоу университетімен (ҚХР) бірлесе отырып, бірқатар жетекші ғылыми мекемелердің қатысуымен ұйымдастырылды.

Форум Қазақстан, Қытай, Тәжікстан және Қырғызстан елдерінен келген академиялық қауымдастық, дипломатиялық корпус және сарапшылар өкілдері арасындағы пәнаралық диалог алаңына айналды. Қатысушыларға Қытай Халық Республикасының Алматыдағы Бас консулы ханым Цзян Вэй және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қаржы және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректоры А.Б. Тасыбаев құттықтау сөз сөйледі.

Іс-шараға Ганьсу провинциясы әкімшілігінің өкілдерімен қатар Ланьчжоу университетінің, Синьцзян педагогикалық университетінің, Шанхай саяси ғылымдар және құқық университетінің, Шэньси педагогикалық университетінің, Фудань университетінің және басқа да ғылыми ұйымдардың оқытушылары мен ғалымдары қатысты.

Пленарлық отырыстар, тақырыптық секциялар және сарапшылық пікірталастар барысында қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық-құқықтық тетіктер, мемлекеттік басқару институттарының цифрлық трансформациясы, жаңартылатын энергия көздерін дамыту перспективалары және «Бір белдеу — бір жол» бастамасын іске асырудың құқықтық негіздері сияқты мәселелер талқыланды. Сонымен қатар академиялық ынтымақтастық әлеуетіне және жастарды БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қол жеткізу үдерісіне тартуға ерекше назар аударылды.

Форум Еуразия кеңістігіндегі көпжақты ғылыми және мәдени ықпалдастықтың өзектілігін растады, университеттер арасындағы әріптестікті нығайтуға ықпал етіп, қазіргі халықаралық зерттеу және білім беру күн тәртібін қалыптастыруға елеулі үлес қосты.