- Басты бет
- Жаңалықтар
- Бірінші курс студенттері «Гидрология» мамандығы бойынша оқу-далалық тәжірибесін сәтті аяқтады
Бірінші курс студенттері «Гидрология» мамандығы бойынша оқу-далалық тәжірибесін сәтті аяқтады
2025 жылдың 27 мамыры мен 6 маусымы аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің География және табиғатты пайдалану факультетінің «Гидрология» мамандығының 54 бірінші курс студенті Алматы облысының аумағында оқу-далалық тәжірибеден өтті. Тәжірибе жетекшілері — Метеорология және гидрология кафедрасының оқытушылары Ердеcбай А.Н., Оспанова М.С., Бексұлтанова Ж.У. және Әлімбай А.М.
Тәжірибе төрт негізгі маршруттан тұрды:
27 мамыр — Капшагай су қоймасы
Студенттер жер бедерін нивелирлеу және биіктік белгілерін анықтау, су қоймасының су сапасын гидрохимиялық зерттеулер арқылы бағалау және судың органолептикалық қасиеттерін талдау жұмыстарын жүргізді.
29 мамыр — Іле өзені, Капшагай шатқалы гидропосты
Гидрологиялық бекетпен танысқан студенттер паромда гидрометриялық шығыр арқылы өлшеу жұмыстарын жүргізіп, гидрометриялық зырылдауықпен өзеннің ағыс жылдамдығын өлшеп, су өтімін анықтап, кейінгі өңдеу жұмыстары үшін су сынамаларын жинақтады.
30 мамыр – 6 маусым — Тургень өзені, Таутүрген ауылы
Ұзақ мерзімді жұмыс барысында студенттер жергілікті жердің көзмөлшерлік сұлбасын түсіру, су деңгейі мен температурасын өлшеу, нивелирлеу, өлшеу жұмыстарын атқарды, ағыс жылдамдығын өлшеу және өзеннің су өтімін анықтау жұмыстарын орындады.
Танысу маршруты — Есік көлі
Тәжірибе барысында студенттер Есік көлімен танысып, көлдің гидрологиялық режимі мен қоршаған табиғи орта ерекшеліктерімен танысты.
Оқу-далалық сабақтар студенттерге теориялық білімдерін нығайтуға, гидрологиялық зерттеулер жүргізу бойынша практикалық дағдыларды меңгеруге және далалық жағдайда жұмыс істеу ерекшеліктерімен танысуға мүмкіндік берді.
Кафедра барлық тәжірибеге қатысушыларға жауапкершілікпен қарағандары және белсенді қатысқандары үшін алғыс білдіреді.
Басқа жаңалықтар
