- Басты бет
- Жаңалықтар
- Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының студенттері мектеп волонтерлеріне экологиялық дәріс өткізді
Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының студенттері мектеп волонтерлеріне экологиялық дәріс өткізді
«Қоршаған ортаны қорға!» жобасы аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Экология» білім беру бағдарламасының 2-курс студенттері Фадеева Арина мен Христич Анастасия «Jas Volunteers» қозғалысының жас волонтерлеріне арналған дәріс өткізді. Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасында оқитын болашақ экологтар өз тәжірибелерімен бөлісіп, экология мамандығының қоғам мен қоршаған ортаны сақтау үшін маңыздылығын атап өтті.
Кездесу барысында студенттер қатысушылармен қазіргі экологиялық мәселелерді талқылап, әр адамның табиғатты қорғаудағы жеке үлесі маңызды екенін жеткізді. Атап айтқанда, қоқысты қайта өңдеу, шикізатты сұрыптау және саналы тұтыну — негізгі тақырыптар ретінде қозғалды. Студенттердің айтуынша, дәл осындай қарапайым қадамдардан экологиялық сана қалыптасады.
Арина мен Анастасия ҚазҰУ-дың студенттеріне беретін мүмкіндіктері жайлы да айтып өтті: факультеттегі арнайы зертханалар, ЭкоХаб орталығының белсенді жұмысы, экологиялық жобаларға қатысу және шетелде білім алуға мүмкіндік беретін академиялық ұтқырлық бағдарламалары. Сондай-ақ, Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының артықшылықтарына тоқталып, мұнда студенттер теориялық біліммен қатар нақты экологиялық міндеттерді шешуге практикалық машық алатынын айтты.
Дәріске қатысушылар – волонтерлік қызметпен айналысып жүрген мектеп оқушылары болды. Студенттер оларды экология, қоршаған ортаны қорғау заңдары мен ғылыми негіздерін терең білудің қоғамға көбірек пайда әкелетінін түсіндіріп, экология мамандығына түсуге шақырды. Бұл — болашақ ұрпақтың өмір сапасын сақтау жолындағы маңызды қадам.
Басқа жаңалықтар
