
2025 жылғы 23–24 маусымда Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті базасында мұғалімдерге арналған Республикалық математика олимпиадасы өтті. Шараны «Максимум» мұғалімдерді даярлау орталығы ұйымдастырды. Олимпиадаға еліміздің түкпір-түкпірінен келген педагогтар қатысып, кәсіби біліктілікті арттыру және тәжірибе алмасу идеясы аясында бірікті.
Олимпиаданың алғашқы күні қатысушыларды тіркеу және ҚазҰУ-дың Сары залында салтанатты ашылуымен басталды. Бұдан кейін қатысушылар олимпиадалық есептерді шешу арқылы жарыстың негізгі кезеңіне қатысты.
Қатысушыларға университет инфрақұрылымымен танысуға ерекше мүмкіндік берілді. Экскурсиялық бағдарлама аясында педагогтар суперкомпьютер орталығын, Farabi Hub және Farabi Robotics зертханаларын аралап, университеттің ғылыми-білім беру үдерісіне енгізілген заманауи технологиялармен танысты.
Екінші күні Қызыл залда пленарлық отырыс пен марапаттау рәсімі өтті. Іс-шараны факультет деканы Досжан Нұрсұлтан Сағынайұлы жүргізді.
Шара барысында келесі белгілі тұлғалар өз тәжірибелерімен бөлісті:
-
академик Мұхтарбай Өтелбаев,
-
"Математика" кафедасының меңгерушісі Қанжарбек Иманбердиев,
-
Elab.Asia директоры Ерулан Жиенбаев,
-
«Максимум» орталығының негізін қалаушылар.
Іс-шара жеңімпаздар мен жүлдегерлерді дипломдармен, грамоталармен және естелік сыйлықтармен марапаттаумен аяқталды.
Республикалық олимпиада тек сайыс қана емес, сонымен қатар кәсіби пікір алмасу, шабыт пен мотивация алаңына айналды. Мұндай іс-шаралар мұғалім мамандығының беделін арттырып, Қазақстанда сапалы математикалық білім беруді дамытуға үлес қосады.
Мұғалімдерге арналған Республикалық олимпиаданың өткізілуі Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ), атап айтқанда ТДМ 4 — «Сапалы білім» және ТДМ 17 — «Тұрақты даму мақсатында әріптестік» бағыттарына қол жеткізуге тікелей ықпал етеді. Бұл шара педагогтардың кәсіби қауымдастығын нығайтып, білім мен тәжірибе алмасуды қолдайды, сондай-ақ мектептердегі математика пәнін оқыту сапасын жақсартуға септігін тигізеді.
Досмағұлова Қарлығаш Алматқызы,
Математика кафедрасының меңгерушісінің ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары
Мухамбеткалиев Мурат,
Математика кафедрасының оқытушысы